Халық тарих толқынында

Айыртаудағы дүбірлі думан

Балуандар белдесті, серке тартылып, жау жүрек жандардың ерлігі көрсетілді! Айыртау ауданында Қарасай мен Ағынтай батырларға арналып салынған мемориалдық кешеннің 20 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Дүбірлі думанға солтүстікқазақстандықтардан бөлек, жер-жерден келген қонақтар да қатысты.

Биіктігі 16 метр болатын қос күмбез, шағын мешіт. Бұл – Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені. Мазардың архитектурасы ерекше, маңыздылығы да жоғары. Әсіресе, мұсылман баласы үшін аса қасиетті. Сондықтан да мұнда әр жыл сайын мыңдаған адам келіп, нысанмен танысады, ел қорғаған қос сарбаздың рухына құран бағыштайды.

–  Біздің қазақ халқы жау келгенде бірігетін. Батырларымыз жұдырықтай жұмылатын. Осылайша елімізді қорғап қалды.

– Бұл – әрбір қазақстандық үшін қасиетті орын. Осында келгеніміз дұрыс болды. Кешенді көрдік.

Қос батыр жерленген нысанның тарихына тоқтала кетейік. Кешен тура 20 жыл бұрын ашылды. 2017-де Қазақстанның киелі жерлері картасына енді. Жау жүрек жандарды халық жақсы біледі. Тарихи деректерге сүйенсек, ел басына күн туған шақта қазақтың намысты ұлдары аттан түспей 200-ден аса шайқасқа қатысыпты. Осылайша ұлан-байтақ жерімізді жаудан қорғауда күштерін аямаған.

Самиддин Омаров – Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенiнің директоры:

–  Бұл батырлар 48 жылдай жаумен күресті. Олар бірге жерлерген. Батырлар жау қолынан қаза таппаған. Қарасай ұлдарының өліміне шыдай алмай көз жұмды. Ал бір жылдан кейін Ағынтай өмірден өтті.

Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінің 20 жылдығына орай той-думан ұйымдастырылды. Айыртау ауданында ақшаңқай киіз үйлер қанат жайды, жер-жерден қонақтар келді. Ат басын бұрғандардың арасында көршілес облыстар мен шетел тұрғындары да бар. Шараның ашылу салтанатында дүйім жұртты атаулы датамен облыс әкімі атынан орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

–  Мемориалдық кешен еліміздің ғана емес, шетелдерден де қонақтар келетін республикалық маңыздағы қасиетті орын. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласының арқасында СҚО қасиетті жерлері қорғау алынып, халыққа қолжетімді болып отыр.

Айтулы күнге орай білекті жігіттер ұлттық спортымыз – қазақ күресінен сынға түсті. Ал мына жерде жастайынан ат жалын тартып мінген ұлдар күш сынасуда.

Ортада – Уәлиханов пен Тайынша ауданының өрендері. Олар аударыспақ сайысында мықтыны анықтап жатыр. Ереже бойынша тақымдары тастай мықты ұлдардың бірі түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, қарсыласын ат үстінен жұлып түсіруі тиіс. Кездесуде 15 жастағы Арыстанбек Махатовтың айы оңынан туды. Ол тайыншалық баланы ұпай сандары бойынша жеңді.

Арыстанбек Махатов – сайысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Қарсыласым өте мықты. Бірақ, мен жеңіске жеттім.

Көкпаршылар да бәсекеге түсті. Олар серкені әрлі-берлі тартып, салым салды. Осылайша мерейтойдың көркін одан әрі қыздырды. Сахна маңында да қарбалас. Мұнда жиналған жұртқа театрландырылған қойылым ұсынылды.

Қойылымда өнерпаздар жауға шапқан Қарасай мен Ағынтайды сомдады. Олардың батылдығын көрсетті. Бұл ержүректік ешқашан ұмытылмауы керек. Себебі, батырлардың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Байболат Бектемірұлы