Қоғам

Солтүстік Қазақстан бойынша экологиялық жағдай қалыпты

Солтүстік Қазақстан бойынша экологиялық жағдай қалыпты. Мұндай ақпаратты “Қазгидромет” мамандары беріп отыр. Кәсіпорын жүйелі түрде Петропавлдың ауасы мен Есіл өзеніндегі ластаушы заттардың мөлшерін анықтайды.

Саят Ермек – тілші:

– “Қазгидромет” – көпшілік бұл мекеме тек қана ауа райы жайлы мәліметтер беріп, оны болжайды деп есептейді. Бірақ, бұл – қате пікір. Кәсіпорын су мен ауаның ластану деңгейін де зерттейтін көрінеді. Теріскей бойынша ахуалды біз білуді шештік.

Петропавл ауасын мониторингілеу 4 бекетте жүргізіледі. Сынамалар бірден зертханаға жіберіледі. Шаң концентрациясы, күкіртсутек, көміртек, аммиак және фенол мен формальдегид – осы және басқа да бірқатар қауіпті заттардың мөлшері анықталады мұнда. Мамандардың айтуынша, шаһар ауасымен тыныстау қауіпсіз. Мұны соңғы зерттеулер көрсеткен.

Оксана Гордиенко – “Қазгидромет” РММ СҚОФ зертханасының басшысы:

– Тамыз айында Петропавлдағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі төмен деп танылды. Тек ауа құрамындағы күкіртсутек концентрациясы бір айда 2 рет нормадан шамамен 1,5 есеге артқан. Ал өзге қауіпті заттар бойынша жағдай қалыпты.

Ал күллі облысты ауыз сумен қамтып отырған Есілдің жағдайы қандай? Тамызда өзен суының құрамынан биогендік заттар мен ауыр металлдардың шамадан тыс мөлшері анықталған. Мұның себебін экологтар анықтап жатыр. Ал ауылдық жерлерде көбінің малды Есілге апарып суаратыны жасырын емес. Салдарынан су құрамындағы органикалық заттардың үлесі де нормадан көп. Өзен суының ластану деңгейі бүгінде “орташа” деп бағалануда.

Саят Ермек – тілші:

– Бірақ ,Есіл Қазақстанның өзге өзендеріне қарағанда әлдеқайда таза деп сендірді мамандар. Негізі, су бойынша сараптама айына бір рет жүргізілсе, ауа бойынша ахуал күнделікті тексеріледі екен. Соңғы мәліметтер кез келген азаматқа қолжетімді. Ақпарат “Қазгидромет”-тің ресми сайтында және “AirKz” атты мобильдік қосымшада жарияланады.

Қосымшаны қолдану принципі өте қарапайым. Арнайы индикатор жасыл түсті көрсетсе, жағдай қалыпты деген сөз. Сары түс – қауіпті заттар мөлшерінің шамадан тыс екенін, ал қызыл түс, сәйкесінше, ауаның ластанғанын білдіреді.

Саят Ермек