Қоғам

Петропавлда “1000 бөрік” көрмесі өтуде

1000 бөрік. Шаһарда осындай атаумен көрме қанат жайды. Бас киімдер сәнді әрі сапалы, жылы әрі ерекше дизайнмен тігілген. Тауардың түрлілігі соншалық кез келген адам талғамына сай бөрік таба алады.

Қаракүзен, мутон, қоян, түлкі және ондатр. Мұнда аң терісінен тігілген және түрлі оюлармен безендірілген бөріктердің алуан түрін көріп көз сүрінеді. Бұл бас киімдерді “Мартэн” атты новосібірлік фабрика жасап шығарады екен. Олар бөрік тігумен 20 жылдан артық айналысады. Осы аралықта кәсіпорын нағыз сәнқойлар үшін бас киімнің жүздеген түрін әзірлеген.

Любовь Бочарова – “1000 бөрік” көрмесінің жетекшісі, РФ:

– Көрмеде бөріктер мен құлақшындардың мыңнан астам үлгісі ұсынылған. Уақыт өте өнімдерді түрлендіріп, стильдік, пішін жағынан жетілдіріп отырамыз. Сапасы жоғары болғандықтан, тауарларымыз Қазақстанның түкпір-түкпірінде үлкен сұранысқа ие. Дизайнерлеріміз бас киім үлгілерін сатып алушылардың талғамына қарай әр түрлі етіп безендіреді. Өрнектелуі бір-біріне ұқсамайды.

Теріскейде қыс қаһарлы болғандықтан көрмеде суық өткізбейтін бөріктердің түр-түрін кездестіруге болады. Оған қоса мұнда бас киімнің жиынтықтары да аз емес. Солардың бірі “Морозко” деп аталады. Ол бөрік, шарф пен қолғаптан тұрады. Канадалық қаракүзенен жасалған жиынтықты сатып алсаңыз басқа аксессуарлардың қажеті де жоқ.

Мынау бөрік “пилотка” деп аталады. Түрлі оюлармен безендірілген бас киім соңғы жылдары жас қыздар арасында үлкен сұранысқа ие. Ең бастысы жылы әрі жұмсақ. Ал орта жастағы нәзікжандылар болса классикаға айналған бас киімдерді таңдайды. Нақтырақ айтар болсақ, толықтай қаракүзенен тігілген бөріктер. Солардың бірін Лариса Дроздецкая бүгін өзіне сатып алды.

Лариса Дроздецкая – қала тұрғыны:

– Бұл көрме туралы интернеттен оқыдым. Бірден осында келдім. Ұзақ таңдаған жоқпын. Көңілімнен шығатын бөрікті бірден таптым. Түсі де тоныма ұқсайды екен.

Мұнда ер адамдарға да арналған бас киімдерді кезіктіруге болады. Барлығы 100-ге жуық түрі бар.

Владимир Демьяненко – қала тұрғыны:

– Көрмеге әйеліме бас киім таңдасуға келдім. Мұнда ер адамдарға арналған бөріктер бар екен. Біреуін таңдап қойдым. Сапасы мен дизайны қатты ұнады. Қазір сатып аламын.

Айта кетейік, “1000 бөрік” көрмесі қыркүйектің 22-сіне дейін жалғаспақ. Сауда алаңы қалалық мәдениет үйіне жайғастырылған.

Дана Сәлімқызы