Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Петропавл жылу желілері” ЖШС құбырларды жөндеу жұмыстарын әлі жалғастыруда

“Петропавл жылу желілері” серіктестігі берген ақпарға сәйкес, қала жылыту маусымына 98 пайызға дайын. Бірақ, қауырт кезеңнің жақындап қалғанына қарамастан компания құбырларды қаптау мен алмастыру жұмыстарын әлі жалғастырып жатыр. Шаруа мамыр айынан бері жүргізіліп жатқанымен бірқатар магистральдік желілер әлі жөнделу үстінде.

Қоғам белсенділері, халық қалаулылары мен БАҚ өкілдері. Бәрінің басын қосып, “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің мамандары жүргізіп жатқан жөндеулерінің жайын баяндап жатыр. Мәселен, шаһардағы 2-ші ЖЭС маңындағы мына алып магистральдің қаптамасы ауыстырылуда. Бұрынғысы әбден тозған. Жаңасы пенополиуретаннан жасалыпты. Тың технологияның арқасында жылу жоғалту әжептәуір төмендеп, сапа артады дейді бас инженер. Шаруаның әзірге жартысы тәмам, ал қалған бөлігі тек желтоқсанда аяқталатын көрінеді. Оқшаулауды қысқа дейін созуға мәжбүрміз деп отыр компания өкілдері.

Виталий Холоша, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Бұл – батпақты жер. Су көп, сондықтан ауыр техника магистральдің кей аумақтарына жақындай алмай отыр. Жердің қатқанын күтуге тура келеді. Бірақ, бұл жылу сапасына еш әсер етпейді. Құбырлардың құрғақ жерде тұрған бөліктерін толықтай оқшауладық.

Жұмыс Совет көшесінде де қызу. Бұл – Петропавлдың қақ ортасы. С.Мұқанов көшесінен басталып Интернационалда аяқталатын жерасты магистральдік құбырлар алмастырылып жатыр. Олардың диаметрі 400 мм-ге дейін кеңейтілуде. Бұл желіге түсетін жүктемені азайтуға септеспек. Десе де, қалыпқа келтіру жоспар бойынша тек қарашаның басында тәмамдалады. Бұған дейін жылыту маусымы басталады емес пе? Жақын маңдағы көпқабатты үйлер қара суықта жылусыз қалмай ма? Бұл мәселені таратушы компания мамандары мына шағын құбырлардың көмегімен шешіп қойдық дейді.

Виталий Холоша, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Бұл шағын құбырларды әрбір үйге тартып қойдық. Олар арқылы жылу баспаналарға негізгі магистральдан таратылады. Сондықтан, тұрғындар жөндеудің жүріп жатқанын сезбейді де. Жөндеу біткеннен кейін, бұл қосымша құбырларды алып тастап, үйлерді негізгі желіге қайта қосамыз.

Мұндай маңызды жөндеулерден өзге, ағымдағы шаруа да тындырылып жатыр. Жұмыс барысына көз жеткізген қоғам өкілдерінің “Петропавл жылу желілері”-не сауалдары көп болды. Бұл белгілі, өйткені шаруа шала атқарылса, ең алдымен тұрғындар жапа шекпей ме? Маусымнан маусымға “үйіміз суық” деп шағымданатындар көп. Сондықтан, ең алдымен сапаға мән беру керек.

Амангелді қажы Кенжеғозинов – СҚО ардагерлер кеңесі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы:

– Үйлерге баратын құбырлардың сырты дұрыс қапталмайды. Салдарынан, жылу шығып кетеді. Сондықтан көп тұрғындар бізге жылу жетпей жатыр дейді. Қазіргі материалдары бұрынғыдай емес, жылуды сақтайды.

“Петропавл жылу желілері” ескертулерді ескереміз деді. Жөндеу жұмыстарының көптігіне қарамастан жылу тарату бойынша іркіліске жол бермейміз деп уәде де берді. Бүгінде компания қысқа 98 пайызға дайын. Оның ішінде бюджеттік мекемелердің бәрі, ал тұрғын үйлердің 92 проценті жылыту маусымына сақадай сай.

Саят Ермек