МТРА жаңалықтары

Оқушының жобасы

“Ағашқа екінші өмір сыйла”. Петропавлдағы 8-ші мектептің оқушысы Анжелика Самосёнкина қағазды қайта өңдеп, кәдеге жаратудың амалын ойлап тапқан. Экологияны сақтауға үлес қосу мақсатында ойластырылған жобасымен ол халықаралық байқауда үздіктер қатарынан көрініпті.

Анжелика Самосенкина қоқысқа тасталған қағаздарды тұрмыста қайта кәдеге жаратудың тәсілін көрсетіп жатыр. Оқушы қыз ең алдымен қолына қайшысын алып, керексіз парақтарды қиып шықты. Кейін оларды ыдысқа салды, үстінен су құйып, жанып тұрған газға қайнатуға қойды. Қағаз ыстық суда жазу мен түрлі бояудан арылып, толығымен тазарып шығады.

Анжелика Самосенкина – жоба авторы:

– Кейін қағазды бірнеше сағат бойы суытамыз. Желім қосып, оны араластырып, дымқыл өнімді 1 тәулікке кептіріп қоямыз. Бұдан кейін қатайып, картонға айналады. Міне, осылайша 1 тонна қағазды қайта өңдеу арқылы 14 ағашты кесуден сақтап қалуға болады.

Анжелика қайта өңдеген қағаздарды інісі тәрбиеленетін балабақшаға жіберіпті. Бүлдіршіндер одан түрлі ойыншықтар жасаған. Мәселен, мына Аяз атаны бүлдіршіндер 1 аптаға жеткізбей әзірлеген екен. Ал, көздің жауын алатын гүл шоқтарын дайындау үшін 14 күн уақыт кеткен. Оқушы жобасын дамыту мақсатында биыл Ресейде өткен халықаралық байқауға қатысып, үздіктер қатарынан көрініпті. Ол сайыста 2-ші орынды иеленген.

Анжелика Самосенкина – жоба авторы:

– 7-ші Халықаралық “Ғылымға бастау” атты ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары байқауына 200 мыңға жуық адам қатысты. Үміткерлер Украина, Беларусьтен және Ресейдің барлық облыстарынан келді. Қазақстаннан менен басқа тағы 2 бала барды. Келесі турға барлығының арасынан тек 200-ден астам оқушы өтті.

Жерлесіміздің “Ағашқа екінші өмір сыйла” атты жобасын жүзеге асыруда жетекшісі де көмектеседі екен. Қазір олар қазанның ортасында Сочиде өтетін конферецияға әзірлік үстінде.

Дина Мажитова – жоба жетекшісі:

– Байқауда жеңіске жеткен қатысушылардың барлығына “Мектеп білімінің заманауи мәселелері” атты ғылыми-зерттеу конференциясына жолдама берілді. Онда балалар экологияны қорғау тақырыбында пікір алмасып, түрлі зерттеулер жүргізетін болады.

Анжелика Самосенкина биыл 9-шы сыныпқа көшкен. Оқушы өз жобасын жетілдіруді жоспарлап отыр.

Маржан Қасымбек