Құқық қорғау органдары

Көршілер арасындағы жанжал

Қарапайым ескерту жұртты дүрліктірген оқиғаға әкелді. Төбетіңе тұмылдырық тақ деп айтылған сөзге қала тұрғыны ашулана кеткен. Бұнымен қоймай, көршісіне пышақ лақтырып, әйелімен бірге жоғарғы қабаттан секіріп кетеміз біраз қоқан-лоқы көрсеткен. Бұзақыны құрықтауға тәртіп сақшыларын шақыруға тура келді.

Оқиға былай болған. Жуков көшесіндегі 9-үйдің алды. Адуынды ер адам азулы төбетін ертіп аулаға шығады. Иттің тұмсығында тұмылдырығы жоқ. Ал есік алдында балалар ойнап отырады.
Бұны көрген көршісі әлгі азаматқа келіп ескертуін айтады. Төбетіңнің аузын байла деген сөзге 39 жастағы ер адам ашулана кеткен екен.

Тіпті, оған қарай итін айтақтаған. Бір тістетіп алып, тіпті арқасына пышақ лақтырыпты. Абырой болғанда, пышақ дарымады, жанай өткен. Тәртіп сақшылары келген бетте төбеттің иесі әйелімен бірге үйіне тығылады. Есікті тарс жауып алып, пәтерге кірсеңдер газды жарып, 7-ші қабаттан секіріп кетеміз деп қоқан-лоқы көрсетіпті.

Бұл екеуі мамандарды әбден әбігерге салды. Бұндай сөздерден кейін жарықты да, көгілдір отынды да ажыратуға тура келіпті. Манағы еркек қолын кескілеп, төменде тұрғандарға ауыр заттарды лақтырған. Ақыры арнайы мақсаттағы және жылдам қимылдайтын жасақтың сарбаздары автокранның көмегімен жоғарыға көтеріліп, терезені бұзып ішке кірді. Ызаланып аласұрған ерлі-зайыптылар ұсталды.

Жандос Мұқатов – Петропавл қаласы ПБ бастығы:

– Осы жағдайға қатысты 293 баппен 3 тармақпен іс қозғалды. Ол дегеніміз бұзақылыққа қатысты. Енді сол азамат 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Төбет кинологиялық орталыққа тапсырылған. Алдағы уақытта оған қатысты шешім қабылданады. Айта кетейік, иттің иесіне көршілері талай рет ескерту жасаған екен. Бірақ, ол оған құлақ аспаған көрінеді.

Дана Сәлімқызы