Балалар

«Тілдарын» республикалық олимпиадасы өтті

3 бірдей тілді жетік меңгерген қабілетті жастар «Тілдарын» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде бас қосты. Мұнда олардың жылдар бойы жинаған тәжірибелері ортаға салынып, білімдері сыналды. Шараға аудандық және қалалық іріктеуден сүрінбей өткен 18 бен 22 жас аралығындағы тіл шеберлері қатысты.

Теріскейдің түкпір-түкпірінен жиналған мына жастар аудандық және қалалық байқауларда топ жарған. Олар байқау ережесіне сай бүгін 4 кезең бойынша тапсырма орындайды. Алғашқы айналымда экранда көрсетілген суреттің мазмұнын ашып, 3 тілде сипаттап берулері тиіс, екінші кезеңде мәтінге ілеспе аударма жасайды. Сонымен қатар, ҚАЗТЕСТ жүйесінің тереңдетілген деңгейі бойынша тест орындайды. Анна Ваховская Тайынша ауданынан келіпті. Ол – 2012 жылы Қарағанды қаласында қазақ тілінен өткен республикалық олимпиаданың жүлдегері. Қазір Зеленогай орта мектебінде қазақ және ағылшын тілдері пәндерінің мұғалімі болып қызмет жасайды.

Анна Ваховская – байқауға қатысушы, Тайынша ауданы:

– Қарсыластар мықты. Бүгін сайыста бәсекелестік жоғары болады деп ойлаймын.

Қазір тіл шеберлері берілген тапсырма бойынша эссе жазып жатыр. Яғни олар Абай шығармашылығы, рухани жаңғыру, тәуелсіздік және жастар жылы сияқты түрлі маңызды тақырыпта шағын шығарма жазады. Мұндағы ең басты шарт – мәтінді мағыналы әрі грамматикалық тұрғыда сауатты жазып беру. Сондай-ақ, тіл шеберлері тақырыптың мазмұнын аша білулері қажет.

Әсем Сүлейменова – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл шара Қазақстан халқы тілдері фестивалінің аясында өткізілуде. Облыс бойынша тілдер фестивалі аясында 500-ден астам шара өткізіліп жатыр. Соның бірі – бүгінгі «Тілдарын» олимпиадасы.

Олимпиадаға 10-ға жуық үміткер қатысты. Осы байқауда топ жарған талапкер қараша және желтоқсан айларында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алады. Шара соңында қатысушылар бағалы сыйлық және дипломдармен марапатталды.

Бердімұрат Баймұқан