Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО мен Ауғанстан арасындағы сауда-саттық нығаяды

43 млн АҚШ доллары. Солтүстік Қазақстан облысы мен Ауғанстан арасында 2018 жылы осындай көлемде сауда жасалған. Алдағы уақытта қос тарап арасындағы алыс-беріс артпақ. Өңір жетекшісі Құмар Ақасақалов пен Ауғанстан Ислам Республикасының өкілдері бүгін тиісті меморандумға қол қойысты.

Солтүстік Қазақстан облысы шетелдіктермен әріптестік орнатуға әрдайым дайын. Себебі, теріскейдің инвест климаты мен географиялық орналасқан жері өте ыңғайлы. Өзге елдің өкілдеріне ұсынарымыз да аз емес. Мәселен, ағымдағы жылдың бастапқы 7 айында жалпы құны 76 млн АҚШ доллары болатын тауар шет мемлекеттерге экспортталған. Оның 12 пайызы Ауғанстан Ислам Республикасында саудаланыпты. Негізінде бұл нарыққа бидай ұны, зығыр мен жұмыртқа шығарылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  2018 жылы Ауғанстан Ислам Республикасымен өзара сауда көлемі 43 млн АҚШ долларын құрады. Алыс-беріс шекарасын кеңейтуге дайынбыз. Атап өту қажет, Солтүстік Қазақстан арқылы тауарды Ресейге экспорттау өте ыңғайлы. Біздің әуежайлардың көрсететін қызмет құны басқаларымен салыстырғанда арзан.

Бидай, жасымық пен жүгері. Ауғанстан осы үшеуін көптеп сырттан кіргізетін көрінеді. Сондықтан, Солтүстік Қазақстанмен тығыз байланыс әріптестерді қызықтырмай қоймады. Өз кезегінде ауғандар жергілікті нарыққа кептірілген жеміс, мақсары мен замартастың бақандай 40 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл үшін ұсынылған әуе қызметінен бөлек, теміржолды да пайдаланбақ. Осылайша, Қазақстан, Өзбекстан мен Ресейді қамти аламыз дейді.

Мухаммад Хумаюн Каюми – Ауғанстан Ислам Республикасының қаржы министрі:

– Саудаланатын тауарлардың бағасы тарифке тікелей байланысты. Осы ретте жол қызметінің құнын төмендету мәселесін қарастырсаңыздар деген өтінішіміз бар. Меморандум жасалғаннан кейін біз арнайы жұмыс тобын құрамыз. Мамандар қос тарапқа қандай өнімнің қандай көлемде қажеттігін есептейтін болады.

Жиын барысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов күні кеше теріскейге жұмыс сапарымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіп кеткенін де атап өтті. Мемлекет басшысы тыңайтқыш шығаратын зауыттардың қатарын көбейту міндетін жүктеп отыр. Осы ретте іске шетелдік инвесторларды да тартқан жөн.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дәл осындай тапсырма пестицид, фунгицид пен гербицидке қатысты да айтылды. Қазір бұның барлығы шет елдерден сатып алынады. Сәйкесінше, қыруар қаржы жұмсалады. Бүгінде препараттарды өзімізде өндірмек ойымыз бар. Бұл болашақта экспортқа шығаратын табиғи таза өнімдеріміздің көлемін арттыруға септеседі.

Жоспар ауқымды. Бастысы – оны іске асыруға келгенде машақаттың болмағаны абзал. Қос тарап арасындағы меморандум әріптестікті кеңейтіп қана қоймай, туындаған проблемаларды мемлекеттік органдардың деңгейінде шешуге мүмкіндік бермек.

Эльмира Садвокасова