СҚО ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Қоғам

21:55 18 Қыркүйек 2019

Бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында “Жастар жылы” аясында Есіл ауданында қолға алынған жұмыстар жайы пысықталды. Атқарылып жатқан іс ауқымды. Есілдік аға буын өкілдері ұл-қыздарға үнемі ақыл-кеңестерін беріп, түрлі маңызды іс-шаралар ұйымдастырып тұрады екен.

Бүгінде Есіл ауданында 14-пен 28 жас аралығындағы 5 мыңға тарта азамат бар. Жастармен ардагерлер тығыз қарым-қатынаста. Бұған дәлел – жиі өткізілетін іс-шаралар. Мысалы, жыл басынан бері аға буын өкілдерінің қатысуымен түрлі форматтағы жиын ұйымдастырылыпты. Олардың дені қыз-жігіттердің бойындағы адамгершілік қасиетті арттыруға, Отанды сүюге бағытталған. Тағы, ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді ұлықтауға арналған.

Төлеген Мұқашев – Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Жуырда ғана жас келіндердің байқауын ұйымдастырдық. Оған 18 келін қатысты. Олар конкурс барысында қазақы дәстүрге сай өздерінің өнерлерін көрсетті. Өте риза болдық.

Есіл ауданындағы ардагерлер ұйымдары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жерлестеріміз қарты бар елдің – қазынасы бар дейді. Сондықтан да арнайы қабылданған “Жол картасы” аясында жұмыс істеп, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңес беруді, тәжірибелерімен бөлісуді жалғастыра бермек. Жиында облыстық жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы Ирина Тухватулина да сөз алды. Ол өңіріміздегі ұл-қыздарға жасалып жатқан жағдайларды жіпке тізді.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы:

– Өңірімізде “Дипломмен – ауылға” бағдарламасына қатысушы жандардың саны артты. Мәселен, соңғы жылдары аталған жоба арқылы елді мекендерде орналасқан жастардың саны 350-ден аспайтын. Ал биылғы 9 айдың ішінде көрсеткіш 363-ті құрады. Бұлардың барлығы – 200 мың теңге көлемінде көтерме ақы, ал 190-ы үй алуға немесе салуға несие алды.

Енді, бұл жандар ауылдарға сіңісіп кетуі қажет. Ирина Тухватулина осы ретте ардагерлер ұйымдарының маңызы зор екенін атап өтті. Себебі, аға буын өкілдері жастарға үнемі жол сілтеп, қолдау көрсетсе мамандардың сол елде қалуға, қызмет етуге құлшынысы одан әрі артпақ.

Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Есіл ауданында атқарылып жатқан іске көңілі толатындықтарын жеттізді. Сонымен қатар, жаңа міндеттерді де жүктеді. Алдағы уақытта есілдіктер жас отбасылардағы тұрақтылықты сақтау, ауылды жерлерден талантты ұл-қыздарды анықтау бағытында да еңбек етулері тиіс.

Байболат  Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

Бүгін – қасиетті Қадір түні
Бәйтерек ауылының тұрғыны соңғы қоңырау салтанатын үйінде ұйымдастырған
Мамырдың 23-і қайырымдылық сенбілігі өтеді
Жазасын өтеушілер туғандарымен видеобайланысқа шығуда
Петропавл әуежайының жұмысы қайта жанданды
Вера Яворская: баланы тарихқа баулып өсіру керек
Әже өнегесі
Үлгілі отбасы
Жеке сектор тұрғындары қоқыс шығару қызметі үшін төлем жасауға міндеттелуде
Якорь тұрғындарын судың жетіспеушілігі толғандырады
Қаланы көркейту жұмыстары
ҚХА-ның қоғамдағы рөлі