Спорт

«Qyzyljar» футболшылары «Екібастұз» құрамасын 7:0 есебімен тізе бүктірді

Футболдан 1-ші лига командалары арасындағы ел чемпионаты аясында жерлестеріміз кезекті ойынын өткізді. Олар өз алаңында «Екібастұз» құрамасын қабылдап, 7:0 есебімен ойсырата жеңді. «Qyzyljar» – осы маусымда мұндай үлкен есеп айырмашылығымен жеңіске жеткен алғашқы құрама.

Ойынның алғашқы сәтінен-ақ қонақтар жерлес аяқдопшыларға қыр көрсетпекші болды. Олар қақпаларына қарай шабуылға беттеген «Qyzyljar» командасының ойыншысы Момоду Сисейді аяқтан шалып тәртіп бұзды. Әдетте хоккейде болатын текетіресті бүгінгі футболдан да көрдік. Ала доп шеберлері төреші белгілеген пенальтимен келіспей қақтығыса жаздады.

11 метрлік пенальти добын тебу бүгінгі ойынның сұрмергені Максим Драченкоға бұйырды. Ол көп ойланбастан ала допты қонақтардың қақпасына дәл бағыттап алғашқы есепті ашты.

Бүгін жерлес команда өз жанкүйерлеріне жақсы ойын көрсетті. Дәл осы таймның ішінде тағы 3 гол соғылды. Ойынның 20-минутында Шота Григалашвили қақпаның маңдайшасынан қайтқан допты ұтымды пайдалана білді. Қарсылас команданың аяқдопшылары қанша тырысқанымен де мардымды еш нәрсе тындыра алмады. Футболшылар арасында өз қақпаларына да гол соғып қойып, ойынды жалғастыра берді.

Ойынның соңғы минуттарында Максим Драченко бұрыштамадан көтерілген допты қарсыластарының қақпасына дәл бағыттап, 1-ші таймды 4:0 есебімен тәмамдады.

–  1-ші тайм жақсы өтті. Жергілікті футболшылардың ойынына көңілім толды. Келесі таймда да бірнеше доп соқса жақсы болады.

2-ші тайм да «Qyzyljar» құрамасының пайдасына шешілді. Қарсылас команда қанша рет қарымта шабуыл жасаса да қақпадан еш саңылау таба алмады. Ал жерлестеріміз болса бірінен соң бірі 3 допты қатарынан соғып, есепті 7:0-ге жеткізді.

Максим Драченко – бүгінгі ойынның сұрмергені. Ол қарсыластарының қақпасына 3 голды тура бағыттап, хэттрик иесі атанды.

Максим Драченко – «Qyzyljar» командасының жартылай қорғаушысы:

– Жақсы ойын болды. Жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Әр матч сайын келіп, қолдап отырады.

“Екібастұз” командасын ойсырата жеңген қызылжарлықтар турнирлік кестенің 2-ші орнына көтерілді. «Qyzyljar» – осы маусымда мұндай үлкен есеп айырмашылығымен жеңіске жеткен алғашқы құрама.
Айта кетейік, жерлестеріміз келесі ойынды қыркүйектің 20-сы сырт алаңда теміртаулық «Шахтёр-Болат» клубына қарсы өткізеді.

Бердімұрат Баймұқан