Балалар

ОБЖШ орталығында ашық есік күні өтті

Мыңнан астам талантты ұл-қыздың басын қосқан орталық. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында ашық есік күні өтті. Мұнда келген кішкентай қала тұрғындары ұжымдармен танысты. Оған қоса өздеріне ұнаған түрлі үйірмелерге жазылды.

Мұнда орталық қызметкерлері мен белсенді ұл-қыздардан құралған “Лидеры” командасы келгендердің барлығын жылы жүзбен қарсы алуда. Олар ата-аналар мен балаларға қай үйірмеге жазылуға болатындығы жайлы кеңес беріп, шығармашылық орталықтың өмірімен таныстырып жатыр.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында 70-тен аса үйірме жұмыс істейді. Педагогтар бүгінгі таңда мұнда мыңнан астам жеткіншекке көркем-эстетикалық, спорттық, қолданбалы қолөнер, робототехника және әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша қосымша білім береді.

Шамамен 5 жыл бұрын ашылған робототехника үйірмесіне қазір 90-ға жуық бала барып жүр. Солардың бірі – 11 жасар Ярослав Чербаков. Ол мұнда көп нәрсе үйренгенін айтады.

Ярослав Чербаков – № 9 орта мектебінің оқушысы:

– Мен робототехника үйірмесіне 2 жыл бойы барып жүрмін. Осы аралықта түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алдым. Жуырда сумошы-робот жасадым. Енді алдағы уақытта пілді құрастырмақшымын.

Ал Әлия Жаманбаеваның 9 жасар қызы вокал үйірмесіне қатысады екен. Ол қызына әрдайым қолдау көрсетіп, әр концертіне келуге тырысады.

Әлия Жаманбаева:

– 4 жылдан бері қызым осында ән айтады. Жуырда “Бала дауысы” байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жетті. Әрине, бұның барлығы – осы орталықтағы ұжымның арқасы. Сол себепті, ата-аналарға айтарым: ұл-қыздарыңызды оқудан бөлек, түрлі үйірмелерге жазып, бойындағы шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беріңіздер.

Кейін осында тәлім алатын ұл-қыздар шағын концерт ұйымдастырды.

Шығармашылық ұжымдар кезекпен сахнаға шығып, орталықта үйренгендерін көрермендерге паш етті. Айта кетейік, мұндағы өнерлі жастар
түрлі байқауларға қатысып, облыс орталығы былай тұрсын, республикалық, халықаралық деңгейде өтетін сан алуан сайыстарда биіктен көрініп жүр.

Дана Ешкенова