Құқық қорғау органдары

Зейнеткердің істің тергелгеніне қатысты шағымы

65 жастағы Бескөл тұрғыны күйеуінің өліміне қатысты тергеудің сылбыр жүргізіліп келгеніне наразы. Оның жұбайы осы көктемде ауылдың орталығында орын алған қайғылы оқиғадан көз жұмған. Нәзікжандының айтуынша, аудандық полиция қылмыс құрамының болмағандығын алға тартып, тергеуді тоқтатып тастаған. Бірақ, бұл жайлы оған хабар бермепті. Зейнеткер тергеушінің әрекетсіздігінен бірқатар маңызды айғақтар ескерілмей қалды дейді. Іс тек прокуратураға шағымданғаннан кейін тамыздың соңында қайта қозғалыпты.

Лариса Каплунова жесір қалғалы, міне, 5-ші ай. Жұбайы Владимир Пятигорскиймен 20 жыл бірге тұрған үйде 65 жастағы зейнеткер қазір жападан-жалғыз. Қосағының келбетін ол енді тек суреттерден ғана көре алады.

Лариса Каплунова:

– Оның бас сүйегі сынған. Салдарынан миына қан құйылыпты. Дәрігерлер құтқаруға қауқарсызбыз деді. Мамырдың бірі маған хабарласып, күйеуімнің көз жұмғанын хабарлады. Денем бірден жансызданып, бір орында қатып қалдым.

Бәріне себеп – сәуірдің 26-сы Бескөлдің орталығында орын алған оқиға. Сол күні таңертең Лариса Александровна жұбайымен ауруханадан үйге кетіп бара жатып, жол-жөнекей дүкенге соқпақшы болған. Бірақ, көлікті тұраққа қоюға жолдың қақ ортасында тұрып алған машина кедергі келтіреді. Нәзікжандының айтуынша, апаттық жағдай тудырған жүргізушімен күйеуі сөйлеспекші болған. Бірақ, 60 жастағы азамат одан жұдырық жесе керек. Тәртіп бұзушыны жазалау үшін ол тіпті жол полициясын шақырған. Ал әрі қарай өрбіген оқиғаны Лариса Каплунова әлі күнге дейін көз жасына тұншыға еске алады.

Лариса Каплунова:

– Полицейлер келгенше оны ұстап тұру үшін күйеуім көліктің табалдырығына мініп тұрып алды. Кенет машина алға қарай зыта жөнелді. Бұдан соң жүргізуші тежеуішті басып, көлік лезде тоқтай қалды. Инерциядан ба, әлде рөлдегі адам ұрып жіберді ме, білмеймін, жұбайым артқа қарай ұшып түсіп, жерге басымен құлады. Осыны көрген мен есеңгіреп, тастай қатып қалдым. Есімді жиып, жанына жақындасам, қан судай ағып жатыр екен. Бізді қоршаған адамдардан жедел жәрдем шақырыңдар деп жалбарындым.

Бірақ, алған жарақаттардың ауырлығынан араға 5 күн салып Владимир Пятигорский келмеске кетті. Қайғыдан қан жұтқан нәзікжанды жақын жанның өліміне кінәліні жазаламаққа аудандық полицияға арыз жазған. Тіпті, адвокат жалдайды. Алайда, Лариса Каплунова тергеудің сылбыр әрі әділетсіз жүргізіліп жатқанына наразы. Оның көкейінде жауапсыз қалған сауалдар көп. Мәселен, жақын маңдағы дүкен сыртында бірнеше бейнебақылау камерасы болған. Нәзікжандының сөзінше, небәрі екі апта сақталатын жазбалар айғақ ретінде алынбапты. Бұдан соң, жауапты тергеуші де қоңырауларға жауап бермейтін болды дейді ол. Ал маусымның 28-і қылмыс құрамының жоқтығынан полицейлер істі, тіпті, тоқтатып тастаған.

Саят Ермек – тілші:

– Бірақ, бұл жайлы аудандық тәртіп сақшылары Лариса Каплунованы да, оның адвокатын да құлағдар етпеген. Екі ай бойы олар тергеудің тоқтатылғаны жайлы хабарсыз болады. Ал күдікті жүргізушіге бұл ескертіліпті. Жәбірленуші мен қорғаушы облыстық прокуратураға шағымданады. Тек содан кейін, тамыздың 21-і, іс қайта қозғалған.

Марат Ахметбеков – СҚО ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

– Егер іске қатысты шағым түссе, бұған дейін қабылданған барлық процессуалдық шешімдердің заңдылығы тексеріледі. Қазіргі таңда тергеу барысы – полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында. Қылмыстық істің мән-жайы толықтай анықталған соң, оған қатысты заңды әрі дәлелді шешім шығарылады.

Бүгінде оқиғаның мән-жайын енді басқа тергеуші анықтауда.

Саят Ермек