Қоғам

Шаһарда эко-фест акциясы өтті

Белсенді жастар табиғатты құрметтеуге шақырды. Ендеше, сол істің ең қарапайымы – айналаға қоқыс шашпау. Осындай мақсатты ұстанған студенттер эко-фест акциясын өткізді. Оның аясында 40-қа жуық жас Есілдің жағасына шығып, 260 келі қоқыс жинады.

Дала салқын. Жаңбыр сіркіреп тұр. Бірақ, тазалыққа құштар жастар жалығар емес. Қолдарында бір-бір қаптан. Өзеннің бойын жаз бойы жиналған қоқыстан тазартып жүр.

Кирилл Махин:

– Біз, жастар таза қалада өмір сүргіміз келеді. Қоршаған ортаны аялау қажет. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса, біз де белсенді қатысамыз.

Белсенділік бүгін жастар тарапынан байқалып тұр. Шара сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушы – жастар ресурстық орталығы.
Студенттер, тіпті топ-топқа бөлініп алған. Барлығы – 40-қа жуық жас қатысуда.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Эко-фест акциясы қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Жастар қала сыртын тазалауға бірден келісті. Олардың тазалық шарасына деген құлшыныстарын арттыру үшін арнайы сыйлықтар әзірледік. Алдағы уақытта ауа райы жақсы болса бұл акцияны өткізе бермекпіз.

Ақыры 2 сағаттың ішінде 260 келі қалдық жиналған. Елестетіп көріңіз, бұл – қаншама қоқыс. Оның бүкілі – адамның ісі. Егер жауапкершілік танытып, соңымыздан жинап жүрсек айналамыз таза, тыныстауға жеңіл, демалуға бір рахат болар еді. Сөйтіп, Есілдің маңы бір жаңарып қалды.

Дана  Ешкенова