Спорт

«Қызылжар» қалалық спартакиадасы басталды

Бүгін облыс орталығында «Қызылжар» қалалық спартакиадасы бастау алды. Оған еңбек ұжымдарынан құралған 14 команда қатысуда. Дүбірлі дода осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жарыс сенбіге дейін жалғасады.

Жарыстың ашылу салтанаты өңірлік жас спортшылардың өнер көрсетуімен басталды. Ақ кимоно киген каратешілер, былғары қолғапты боксшылар, шымыр палуандар мен желаяқ футболшылар өз шеберліктерімен жиналған қауымды тәнті етті.

Сондай-ақ, дүбірлі доданың маңызды сәті – спартакиада алауы жағылды. Қызыл алауды кроссфиттен халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте чемпионы Сергей Черников тұтатты.

Бұл жарыста әуесқойлармен қатар, спорт шеберлері, әлем чемпиондары және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да бар. Жастармен бірге ардагерлерден құралған команда да осында жүр. Жамбыл Тасеменов – грек-рим күресінен КСРО-ның құметті спорт шебері. Жетпіс беске келген ақсақалдың ширақтығы жастардан кем емес.

Жамбыл Тасеменов – ҚР құрметті спорт қайраткері, СҚО құрметті азаматы: 

– Мұндай шара ұйымдастырылып жатқанына өте қуаныштымын. Жастарға спортпен шұғылдануға кеңес беремін.

Спартакиаданың ашылу салтанатынан кейін жеңіл атлетикадан сайыс басталды. Жергілікті кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейтін Милана Ануфриева мұндай сайысқа бірінші рет қатысып тұрмын дейді. Бүгін ол 60 метрге жүгіруден қарсыластарын шаң қаптырды.

Милана Ануфриева, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ маманы:

– Жарысқа командамызбен көп дайындалдық. Бұл – қызметкерлердің ұйымшылдығы сыналатын бәсеке.

8 спорт түрін қамтитын жарысқа 600-ге жуық спортсүйер жан қатысуда. Олар жеңіл атлетика, шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру сияқты спорт түрлерінен өзара бақталасады. Спартакиада 3 күнге созылады.

Бердімұрат Баймұқан