МТРА жаңалықтары

Өңірде 500-ден аса үкіметтік емес ұйым бар

Бүгінде өңірімізде қоғамның мүддесін қорғайтын ұйымдардың саны 500-ден асып жығылады. Бірақ, олардың тек 100-ден астамы ғана белсенді. Бірлестіктердің жұмысын дамытуға алдағы уақытта көп көңіл бөлінбек. Халық пен билік өкілдерін байланыстырып, мәселелерді шешуге көмектесетін ұйымдардың маңызын Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында атап өткен болатын.

Халықпен тиімді кері байланыс орнату. Мемлекет басшысы өз жолдауында осы тұсқа ерекше назар аударған болатын. Маңызды құжат бүгінде еліміздегі барша ұйымдардың жұмысына серпін беруде. Себебі, қоғамдық бірлестіктер мен халықтың мүддесін қорғайтын палаталар, қауымдастықтар бұрыннан бері бұл міндетті атқарып келеді. Жұртшылық пен билік арасындағы көпір функциясын үкіметтік емес ұйымдар әрі қарай да жалғастырмақ. Сәуле Сүлейменова жергілікті азаматтық альянсқа төрағалық етеді. Сондай-ақ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі екен. Соңғысы жылдар бойы тұрғындардың мұң-мұқтажына, өтініш-тілегіне құлақ асып, оны шешуге көмектесуде. Қаржылай емес, тиісті орган өкілдерін жұмысқа араластыру арқылы.

Сәуле Сүлейменова – “СҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы” ҚБ төрайымы:

– Біз қоғамдық кеңестерде түрлі мәселелерді қарастырамыз. Өзінің базынасын арқалап келген тұрғынға барынша қол ұшын созуға тырысамыз. Жергілікті билік пен қажетті орган өкілдерін шақырамыз. Анық-қанығына жетіп, проблеманы бірлесе шешеміз.

Жиылғандардың дені – заңгерлер. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттырумен айналысатын бұл жандардың да еңбегін атамай кету мүмкін емес. Заң консультанттарының солтүстікқазақстандық тәуелсіз палатасы 2018 жылы құрылыпты. Сол уақыттан бері адвокаттар 55 адамға кеңес беріп, құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсеткен.

Евгений Кинцель – заң консультанттарының солтүстікқазақстандық тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы:

– Біз нұротандықтармен бірлесіп біраз шаруа атқардық. Көшбасшы партияның кеңсесінде өтетін қоғамдық қабылдауларға әрдайым біздің заңгерлер қатысып тұрады. Адвокат қызметінің құнын өтей алмайтын тұрғындар үшін тегін консультациялық көмек көрсетеміз.

Бүгінде өңірімізде 568 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олардың 110-ынан астамы аса белсенді екен.

Эльмира Садвокасова