Спорт

Қарымта кездесуде “Qulager” ХК “Бейбарыс” командасына есе жіберді

Қарымта кездесуде “Qulager” “Бейбарыс”-қа есе жіберіп алды. Алғашқы ойында атыраулық қарсыласынан басым түскен петропавлдық хоккейшілер жетістіктерін қайталай алмады. Матч соңында соғылған жалғыз шайба айдын қонақтарына жеңіс әкелді.

Қарымта матчта «Бейбарыс» та, «Құлагер» де өткен кездесудегі қателіктерін болдырмау үшін әр қадамын аңдап басуда. Сондықтан, 1-ші периодта есеп ашылмады. Десе де, қос құрамаға да жеңіс керек, сондықтан екінші 20 минуттықта шабуылдар саны мен хоккейшілердің айласы екі есеге артты. Бірақ, бұл да нәтиже бермеді. Таблода әлі 0:0. Ойын көркі тең тартыспен қызықты емес пе?! Соңғы периодта шайқастың қалай өрбитінін жанкүйерлер жарыса болжады.

– Ойын тығыз болған сияқты, шабуылдар болып жатыр. Бірақ, мүмкіншіліктердің көбін пайдалана алмадық. Енді, сенеміз жігітттерге.

– Екі команда осал емес. Атыраулық құраманың қорғанысы өте мықты екен, жергілікті ойыншыларға мүмкіндік бермей жатыр.

– Кешегі ойын жақсы өтті, біздің құрама ұтты. Бірақ, бүгінгі кездесу қызық болып жатыр. 00:32 Дегенмен, «Құлагер» командасы жеңіске жетеді деген ойдамыз. Алда әлі ойын бар ғой.

Шешуші 3-ші периодта да еш өзгеріс болмады. Сөйтіп, негізгі уақытта есеп ашылмады. Ойын тағдыры 5 минуттық овертаймда шешілді. Қосымша уақыт аяқталарға небәрі жарты минут қалғанда шайба күтпеген жерден “Құлагер” қақпасына кірді. Өкінішті әрине, қарымта кездесуде петропавлдық хоккейшілер атыраулықтарға осылайша есе жіберіп алды.

Ильгиз Нуриев, «Qulager» ХК ойыншысы:

– Екі ойын да қызықты өтті. Бірақ, бүгін біздің жолымыз болмады. Дегенмен, бұл маусымның басы ғана. Алда әлі талай матч бар. Қателер бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Әрқашан қолдап отыратын жанкүйерлерге алғысымды айтамын.

Әзірге, 4 ойынды артта қалдырған “Құлагер” ел біріншілігінің турнирлік кестесінде 5 ұпаймен небәрі 6-шы орында тұр. Келесі кездесуді жергілікті команда қырқүйектің 15-і мен 16-сы күндері сырт алаңда «Алматы» клубына қарсы өткізеді.

Ақтолқын Солтанханқызының