СҚО прокуратурасында жолдау талқыланды

МТРА жаңалықтары

21:42 11 Қыркүйек 2019

Ауыр қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату, бұқарамен диалог орнату. Президент жолдауында жүктеген бұл міндеттер бүгін облыстық прокуратурада өткен жиында сөз болды. Қадағалаушы орган қызметкерлерінен бөлек, оған қоғам белсенділері, депутаттар мен атқарушы билік өкілдері қатысты.

Стратегиялық құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жіті тоқталды. Осы орайда прокуратураға жүктелген міндет жауапты. Мемлекет басшысы заңнаманы ізгілендіруге шамадан тыс мән беріп қойдық деді. Сондықтан, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық сынды ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны қатаңдату керектігін қадап айтқан болатын.

Шолпан Әбдірахманова – СҚО прокуратурасы аппаратының жетекшісі:

– Мұндай заңбұзушылықтар бойынша жағдай мәз емес. Сондықтан, жазаны қатаңдату – ең дұрыс шешім. Мұндай ауыр қылмыс жасағандарға қатысты сот үкімі толықтай орындалып, олардың түрмеден мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігі болмауы тиіс. Сонда ғана жазаның жазадан құтылып кетуді болдырмау принципі қалыптасады.

Бірақ, заң қаншалықты өзгереді, жауапкершілік қаншалықты қатайтылады, әзірге белгісіз. Бұл бағытта шаруа атқарылып жатыр. Тағы бір маңызды тапсырма – халықпен кері байланыс орнату. Оның прокуратураға да тікелей қатысы бар. Жыл басталғалы жергілікті қадағалау органының өкілдері 2 мәрте ауқымды “Заң керуені” акциясын өткізіп, 600 жерлесімізге құқықтық көмек көрсетіпті. Енді мұндай шаралардың саны арта түспек.

Әсем Рахметова – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Нағыз ашықтық деген осы жерден басталады. Арнайы карта жасап, ол арқылы саяси және әлеуметтік жағдайды көріп, сол арқылы өз жұмысымызды әрі қартай жүзеге асыруымыз керек.

Әсем Рахметова прокуратура жергілікті “Нұр Отан”-мен де тығыз жұмыс жасауы керек дейді. Құқық қорғаушылар бас партияның өңірлік филиалы апта сайын өткізетін қоғамдық қабылдауларға да қатысуы тиіс. Өйткені, жұртшылық тарапынан сауал көп. Қысқасы, жиында жолдаудың әрбір тарауы жіті талқыланды. Әсіресе, еңбек заңнамасын сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Жұмысшыларға қатысты жасалған заңбұзушылықтар енді прокурорлардың жіті бақылауында болмақ.

Саят Ермек