Спорт

«Qulager» ХК атыраулық “Бейбарыс”-ты жеңді

«Qulager» хоккей клубы 2-де 1 есебімен жеңіске жетті. Кеше жергілікті имек таяқ шеберлері атыраулық «Бейбарыс» құрамысын тізе бүктірді.Матчтың жеңімпазы буллит арқылы анықталды. Қазір теріскейлік команда 3 ойынның қорытындысы бойынша турнирлік кестенің 8-ші орнында тұр.

Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ атыраулықтар бірден іске көшті. Олар бірінен соң бірі жойқын шабуылдар жасап, шапшаң қимылдауда. Осылайша теріскейлердің қақпасынан саңылау іздеген “Бейбарыс” -тың ойыншылары мүмкіндікті пайдаланып, алғашқы шайбаны соқты.

Айдында бәсекелестік артып келеді. 1-ші периодтың аяқталуына санаулы минуттар қалды. “Құлагер” ойыншылары аз уақытта қарымта шабуыл жасап, көптен күткен голды соқты.

Шайбаның авторы – 68-нөмірлі Алексей Грищенко. Осылайша бірінші период аяқталды. Таблодағы есеп 1 де 1.

– Қазір дөп басып шешім шығару әлі ерте. Ойын тең дәрежеде өрбуде.

– Ойынның алғашқы периоды жақсы өтті. Тек алғашқы шайбаны өткізіп алғанымыз өкінішті. Дегенмен, жеңіс біздің қолда деп ойлаймын. Алға, Құлагер!

Ойынның екінші кезеңінде еш өзгеріс бола қойған жоқ. Хоккейшілердің бірі құлады, қуылды, ескерту алды. Шабуылдар саны артты, қауіпті сәттер де көп болды. Дегенмен, бұл еш нәтиже бермеді. Сөйтіп, кездесудің 3-ші кезеңіне де жеттік. Есепте өзгеріс жоқ. Бұл орайда қақпашының еңбегін атап өту керек. Дмитрий Хозяшев шайбаны бір емес, бірнеше рет тоқтатып, көрермендердің ықыласына бөленді. Осылайша ойынның негізгі бөлімі аяқталды.

Олег Гущин, «Qulager» ХК бас жатттықтырушысы:

– Ойын нашар өтті деп айта алмаймын. Қарсыластарымыз – мықты құрама. «Бейбарыс» былтыр чемпион атанған. Ал құлагерліктерге келетін болсам, жігітттердің аяқ алысы жаман емес. Негізгі уақытта бірнеше рет шайба соғатындай сәттер болды. Бірақ, ойлағанымыз жүзеге аспады.

Жеңімпаз құраманы анықтау үшін негізгі уақытқа 5 минут қосылды. Айдында әр құрамадан тек 3 ойыншы ғана. Бірақ, бұл да еш нәтиже бермеді.
Мықты команда енді тек буллит арқылы анықталмақ. Алғаш болып шайбаны атыраулық ойыншы бағыттап еді, “Құлагер”-дің қақпасынан саңылау таппады. Ал жерлестеріміз өз кезегінде екі шайба соғып, жеңімпаз атанды.

Данияр Хасенов, «Qulager» ХК ойыншысы:

– Осы кездесуге жіті дайындалдық. Қарсыластарымыз осал құрама емес. Буллиттің есебінен жеңіске жеттік. Бүгін жолымыз болды.

Осылайша атыраулық “Бейбарыс” командасымен өткен алғашқы ойында “Құлагер” 2 де 1 есебімен жеңіске жетті.

Маржан Касымбек