Денсаулық сақтау

Дәрігерлер балаларға жолда сақ болуды ескертуде

Оқу жылы басталғаннан бері жол-көлік оқиғасына ұшырап, жарақат алған оқушылардың саны артқан. Бұл туралы облыстық көп бейінді балалар ауруханасының дәрігерлері айтты. Ақ халаттылардың сөздерінше, әсіресе көлік қаққан жеткіншектердің емделіп шығуына біраз уақыт қажет.

Қала тұрғыны Әлихан Рахиевтің жасы 11-де. 5-сынып оқушысы жаңа оқу жылының бірінші аптасында ауыр жарақат алып ауруханаға түскен. Айтуынша, үзіліс кезінде асханадан су ішіп келе жатқанда баспалдақпен көтеріле бергенде аяғы тайып кетіп, жерге оңбай құлапты. Әлиханның жамбасы сынған.

Әлихан Рахиев:

–  Мұнда жатқаныма 1 апта өтті. Үйге қашан алып баратынын білмеймін. Мектепке барғым келеді.

Ержанат Көкежановқа да оқу уақытын амалсыздан ем алумен өткізуіне тура келді. Ол Новоишимка ауылындағы мектепте білім алады. 14 жастағы оқушының мұнда жатқанына 1 аптаға жуық уақыт өткен екен. Жеткіншек сабақтан соң сыныптастарымен ойнауға далаға шыққанын айтты. Кейін досы екеуі скутермен жол бойына шыққан кезде кенет алдарынан көлік шығып, қағып кеткен. Ауруханада көзін аша салысымен Ержанат бір нәрсені жүрегі сезгендіктен бе бірден жолдасын іздеген. Жақындарынан досының апат орнында көз жұмғанын естіпті.

Ержанат Көкежанов:

–  Көше қиылысына жеткен кезде ол жердегі бағдаршамның жұмыс істемейтінін байқадым. Кейін рөлдегі досымнан скутердің жылдамдығын азайтуын сұрадым. Жылдамдықты тежей бергенде алдымыздан жеңіл автомобиль шығып, бізді қағып кетті. Барлығы соншалықты тез орын алғандықтан, бастапқыда не болғанын түсінбей қалдым.

Ақ халатты абзал жандардың сөзінше, күз айларында ауруханаға жол апатына ұшыраған балалар жиі түседі. Оларды емдеп-жазу біраз уақытты талап етеді. Өйткені, темір тұлпардың соққысы қаншалықты қатты болса, адам өміріне келетін қауіп те соншалықты жоғарылай беретін көрінеді.

Асылхан Жағыпаров – облыстық көп бейінді балалар ауруханасының жоғары санатты травматолог-ортопед дәрігері:

– Жол апатында балалар көбінесе бас, омыртқа, жамбас, қол және аяқ сүйектерін сындырып алады. Сүйектерді бұрынғы қалпына келтіруге біраз уақыт керек.

Мамандар, әсіресе оқушыларды мұқият қадағалау керек екенін айтты. Ата-аналар қауымы балаларын мектепке жібермес бұрын жолда жүру ережелерін еске салып отыру қажеттігін тілге тиек етті.

Асылхан Жағыпаров – облыстық көп бейінді балалар ауруханасының жоғары санатты травматолог-ортопед дәрігері:

– Ата-аналар балаларға жолда жүру ережелерін үйретулері керек. Бағдаршамнан қалай өту керектігін ескертулері қажет. Сондай-ақ, көлік жүретін жолдан жүгіріп өтпеу керек екенін атулары тиіс.

Жалпы, жыл басынан бері облыстық көп бейінді балалар ауруханасына 6,5 мыңнан астам бала келіп түскен. Олардың 8-і жол апатына тап болғандар екен. Ал оның 4-уі жарақатының жеңілдігіне байланысты үйлеріне жіберіліпті. Жағдайы нашарлау деп саналған қалғандары ауруханада жатып, емделіп шыққан.

Маржан Касымбек