Балалар

Солтүстікқазақстандықтар жастар саяси лагерінен оралды

Белсенді ұл-қыздардың жиыны! Солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер дәстүрлі республикалық жастар саяси легерінен оралды. Шара қыркүйек айының 4-і мен 9-ы аралығында табиғаты көркем, ауасы жұпар Бурабайда өткен болатын. Онда жерлестеріміз еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған замандастарымен бірге қызықты әрі тиімді уақыт өткізіпті.

Еліміздің жылынды жастары жылда Бурабай төрінде бас қосады. Биыл да игі дәстүр жалғасын тапты. Қыркүйектің 4-і мен 9-ы аралығында табиғаты көркем аумаққа 170-тен аса қыз-жігіт жиналды. Араларында теріскейліктер де бар. Олар қатарластарымен бірге республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында уақыттарын қызықты әрі тиімді өткізіпті.

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

–  Бұл лагерьге біздің облысымыздан 7 делегат қатысты. Делегаттар арнайы іріктеуден өтті. Лагерьде семинарларға, тренингтерге қатыстық.

Ол қандай кездесулер? Өте маңызды, пайдалы жүздесулер. Мысалы, шара қатысушылары білікті мамандармен, танымал тұлғалармен тілдесіп, табысқа жету, қоғамдағы актуалды мәселелерді шешу, әлеуметтік желілерді дұрыс жүргізудің қыр-сырын меңгеріпті. Режиссура бойынша да біраз мағлұмат алған. Бұл тақырып жерлесіміз Әкімжан Төлебайға ерекше ұнаған екен. Себебі, жас жігіт қазір видео түсірумен айналысады. Алдағы уақытта аталған істі мықтап қолға алсам дейді.

Әкімжан ТӨЛЕБАЙ – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ мүшесі:

– Осы жиында еліміздің танымал режиссері Қуаныш Бейсековпен таныстым. Болашақта режиссерлікпен айналыссам деймін.

Бұл жолғы республикалық жастар саяси легерінің өзіндік ерекшелігі де бар. Шара барысында жиналғандар семинар, тренигтерден бөлек, жасақтарға да бөлініпті. Осылайша балалық шаққа саяхат жасаған екен. Яғни, бала күнді еске алып, түрлі тапсырмалар орындаған, ойындар ойнаған. Мұны бәрі қатысушыларға керемет эмоция, достар сыйлапты. Болашаққа тың серпіліс пен идея берген.

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Жақсы мотивация алып келдік. Осы мотивация арқылы облысымызда түрлі іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз.

Лагерьде жолдау жүктеген міндеттер де талқыланған. Жалынды жастар маңызды құжатта кейінгі буын өкілдеріне ерекше мән берілгеніне өте қуанышты. Олар мұндай демеу қоғамда білікті, білімді ұл-қыздардың көбеюіне септеседі деген пікірде.

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– “Nur Otan” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен өткен кездесуде жолдауды талқыладық. Бұл жолдауда жастарға аса маңызды рөл беріліп отыр. Алдағы уақытта “Дипломен – ауылға” бағдарламасы кеңейтіліп, жастарға тиімді жағдайлар жасалатын болады.

Айта кетейік, теріскейлік жастар Президенттің бастамалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға дайын. Олар алдағы уақытта қаламыздағы, аудандар мен ауылдардағы қыз-жігітермен кездесіп, жолдауды түсіндіру жұмыстарына кіріспекші.

Байболат Култанов