Қоғам

СҚО-да 180-ге жуық жұмысшы жыл басынан бері жалақыларын ала алмай жүр

СҚО-да 170-тен астам жұмысшы / жыл басынан бері жалақыларын ала алмай жүр. 6 кәсіпорын / қызметкерлеріне 180 млн теңге қарыз. Мұны арна тілшілеріне облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының мамандары мәлімдеді.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері өңірдегі серіктестіктерде тексеріс жұмыстарын ұдайы жүргізіп тұрады. Мәселен, мамандар тиісті шараларды жыл басынан бері 322 мәрте ұйымдастырыпты. Нәтижесінде 600-ге тарта заңбұзушылық тіркелген. Көбінесе қандай фактілер анықталған? Еңбеккерлерге жалақы төлемеу мәселесі көш басында тұр. Инспекторлар мұндай жағдай орын алған кәсіпорындардың аттарын да атады. Олар – “Казградстрой”, “СУ 808”, “Айыртау су”, “Казтрансавто” және “Ақсуат элеватор” серіктестігі.

Мирас Сабағанов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Жыл басынан бері инспекторлар жалақы төлемеу мәселесі бойынша 41 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде кәсіпорындардың 6400 жұмысшыға 700 млн теңгеден аса еңбекақы қарыз екендігі анықталды. Бұл проблема біртіндеп шешіліп келеді. Қазіргі күні облыстағы 6 өндіріс ошағы 177 маманға 180 млн теңге берешек.

Заңды бұзған жұмыс берушілер жазасыз қалмайды. Жыл басынан бері инспекторлар 134 қызмет ұсынушыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 21 млн теңге көлемінде айыппұл салыпты. Бүгінде аталған сома толығымен өтелген. Сөз барысында инспеция басқармасының басшысы Мирас Сабағанов өндіріс орындарында орын алған жазатайым оқиғаларға да тоқталды. Былтыр теріскейдегі кәсіпорындарда 52 адам түрлі дәрежедегі жарақат алыпты. Ал биылғы статистика 20-ны құрайды. Сонымен қатар, 1 қайғылы жайт тіркелген. Маусым айында жолаушы тасымалымен айналысатын «Сейтенов» ЖК жүргізушісі қаза тапты.

Мирас Сабағанов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Аталған кәсіпорынның көлік жүргізушісі көмекшісімен бірге автобусты жөндеп жатады. Ол көліктің астында болған. Осы сәтте беріліс қорабы іске қосылып тұрған машина орнынан қозғалып кетіп, астындағы адамды басады. Салдарынан жүргізуші оқыс оқиға орнында қаза тапты. Көбінесе мұндай жағдайлар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан және іске қажетті дүниелердің тапшылығынан орын алады.

Бұл фактіге қатысты жұмыс беруші мен қаза тапқан жүргізуші де кінәлі деп табылыпты. Еңбек инспекциясының комиссиясы тергеуді аяқтаған, қазір құжаттар соттың қарауында жатыр.

Бердімұрат Баймұқан