Көлік және жолдар

Петропавл әкімдігі 3 жылда аулаішілік жол мәселесін шешпекші

Петропавл әкімдігі аулаішілік жолдарды асфальттау мәселесін үш жылдың ішінде түпкілікті шешеміз деп отыр. Биылдың өзінде 60-қа жуық аумаққа жаңа жабынды төселген. Брусиловский көшесіндегі 74-ші көпқабатты баспананың ауласы – қалыпқа келтірілгендердің қатарында. Аула ғана емес, жақын маңда тұрған “Чайка” балабақшасының кіреберісі де асфальтталыпты. Негізі, бұл проблема жайлы материал тура бір ай бұрын біздің арна эфиріне шыққан болатын.

Көлікпен бе, жаяу ма – маңызды емес. Таңертең ерте “Чайка” балабақшасына қалалықтар балаларын еш қиындықсыз әкеліп жатыр. Жылдар бойы қоқыс пен шалшық басқан қақпа алдындағы аумақта қазір теп-тегіс асфальт. Ол өткен сенбі төселіпті. Ата-аналардың айтуынша, балабақшаға кіреберістің қазіргі жағдайын бұрынғымен салыстыруға тіпті келмейді.

Елена Аитова:

– Бұрын бұл маң жиіркенішті болатын. Құрғап тұрғанның өзінде балабақша аумағына еркін кіре алмайтынбыз. Жаңбыр жауса, тіпті айналып, төте жол іздеп жүретінбіз. Батпақ әбден мезі қылған еді, ал қазір бәрі керемет.

5 жыл бойы бөбекжай басшылығының күз келсе не жауын жауса құты қашатын. Ата-аналар қауымы тарапынан шағым көп болды дейді меңгеруші. Әкімдіктің табалдырығын талай тоздырғанымен, қаржы жоқ деп бір тілім жер қалыпқа келтірілмей келген. Ерте ме, кеш пе проблеманың шешілгеніне Борис Борисов қуанышты.

Борис Борисов – “Чайка” балабақшасының меңгерушісі:

– Ата-аналар дән риза. Дүйсенбі күні жабындыны көріп, жаппай алғыстарын жаудырып жатты. Әйтпесе, ақша жинап, асфальтті өз қаржыларына төсемекші болған. Мәселеге назар аударған әкімшілікке рахмет.

Мәселені алға жылжытуда көрші тұрған көпқабатты үй тұрғындарының да үлесі бар. Бұған дейін олар шұрық-тесік аулаішілік жоларға шағымданған болатын. Арнамызда материал шығып, мәселе резонанс тудырған еді. Осыдан кейін тұрғындарды жылдар бойы толғантқан мәселенің небәрі бір ай ішінде шешілмесі бар ма?! Десе де, аулаішілік жолдарды асфальттау – әлі күнге дейін шаһардағы өзекті проблемалардың бірі. Қала әкімдігі оны шеуге тырысып жатырмыз дейді.

Әсем Айтолла – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биылғы жылы қала бойынша 60 аулаға асфальт төсе жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 54 аулада жұмыстар жасалды. Бұл үшін бюджеттен жыл басында 400 млн, кейін қосымша 150 млн теңге бөлінді. Қыркүйектің соңында барлық 60 ауладағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ия, шаруа атқарылуда. Алайда, жабындыны жылдар бойы күтіп жүргендер әлі көп. Аулалардың бәрін бір жылда асфальттап тастауға бюджеттің мүмкіндік бермейтіні де белгілі. Олай болса, қай аулаішілік жолдың биыл жөнделетінін әкімдік қалай анықтайды?

Әсем Айтолла – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Комиссия жұмыс жасайды. Оның құрамына ТҮКШ және “Халықтық бақылау” қызметкерлері кіреді. Олар тұрғындардың өтініштері бойынша аулалардың жағдайымен танысады. Содан кейін арнайы тізім құрылады.

Саят Ермек – тілші:

– Петропавл әкімі Болат Жұмабеков аулаішілік жолдарға қатысты түйіткілді алдағы үш жылда түбегейлі шешіп бермекші. Оның жеке тапсырмасымен электрондық тізім жасалып жатыр. Бұл тізімге шаһардағы жағдайы мүшкіл аулалардың барлығы кірмек. Кейін үш жыл бойы олар рет-ретімен жөнделіп отыратын болады. Тізім 2020-ның басында дайын болып, қала басшылығының ресми сайтында жарияланбақ. Өз ауласының қашан қалыпқа келтірілетінін кез келген тұрғын еркін қарай алатын болады дейді әкімдіктегілер.

Саят Ермек