Спорт

Кроссфиттен облыстық турнир аяқталды

Облыс орталығында 50-ге жуық спортшы кроссфиттен өткен облыстық турнирде бақ сынасты. Бұл жолғы жарысқа теріскей өңірінен бөлек Ресейден келген жандар да қатысты. Екі күнге созылған дода кеше өз мәресіне жетті.

Бұл жарыс өзге спорт түрлерінен ерекше. Мұнда спортшы жүгіріп қана қоймай, веложарыс, жеңіл және ауыр атлетикадан да бабын сынайды.

Амир ЗАГРУТДИНОВ – «Нептун» фитнес клубының кроссфиттен бас тренері:

– Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Спортшылар футбол алаңында зигзаг бойынша жүгіреді. Кейін 1600 метрді велосипедпен жүріп өтулері керек. Осының бәрін үздік орындағандар үшінші кезеңде күштік ескек есуде бәсекелеседі.

Роман Джантлеев 45 жаста. Спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніне 6 жыл болыпты. Қазіргі уақытқа дейін әлемдік додаларда ел намысын қорғап, бірнеше мәрте биіктен көрінген. Бүгін ол спринттік зигзагты 23 секунтта еңсеріп, мәреге бірінші болып жетті.

Роман ДЖАНТЛЕЕВ – жарысқа қатысушы: 

– Бос уақытымның барлығын кроссфитке арнаймын. Хоббиім десем де болады. Сонымен қатар, жақындарымды да спорттың осы түрімен айналысуға үгіттеп жүремін. Өйткені, кроссфиттің денсаулыққа тигізер пайдасы көп.

Сайыста ерлерден бөлек нәзікжандылар да бақ сынасып жатыр. Татьяна Рыбалко – солардың бірі.

Татьяна РЫБАЛКО – жарысқа қатысушы:

– Кроссфитпен айналысуды биыл ғана бастадым. Қарсыластарым жақсы дайындықта екен. Алда әлі екі сын бар. Олардан сүрінбей өтсем жеңіске жетемін. Өзіме сенімдімін.

Жалпы, сайысқа 50-ге жуық спортшы қатысты. Олардың арасында спорт шеберлері, кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жандар да бар. Жарыс соңында жүлделі орыннан көрінгендерге 15 мың, 10 және 5 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Медаль, грамоталар да табысталды.

Бердімұрат Баймұқан