МТРА жаңалықтары

Президент жолдауы талқыланды

Мамлют ауданында Президент жолдауын талқылау мақсатында аудан активінің отырысы өтті. Жиында мемлекет басшысы жүктеген тапсырманы жүйелі жүзеге асыру қажеттігі туралы айтылды.

Мамлют ауданында 866 микро және шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. Іскер азаматтар келесі жылдан бастап кең тыныстап, бизнестерін өрбітуге мүмкіндік алады. Өйткені, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған сала өкілдерін тексеруге үш жылдық тыйым салды. Бұл ретте кәсіпкерлер мемлекет көрсеткен жеңілдікті дұрыс пайдаланып, өз істерін жуапкершілікпен әрі сапалы түрде атқарулары тиіс.

Руслан АҢБАЕВ – Мамлют ауданының әкімі:

– Президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтар айынан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салынады. Бұл кәсіпкерлердің жеке бизнесін дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 200 АЕК көлемінде шағын бизнес ашуға грант беру жұмыстарын жалғастырамыз.

Жолдауда айтылғандай, Президент білім беру сапасын арттыруға және мұғалім мәртебесін көтеруге жіті тоқталды. Бұл бастаманы Мамлют ауданының ұстаздары да қолдап отыр.

Әкежан ҚАЖЫҒАЛИЕВ – Бексейіт орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Мамлют ауданы:

– Президентіміздің ұстаз мәртебесін көтеру жайлы тапсырмасын қолдаймын. Өйткені, ұстаз оқушыға білім ғана емес, тәрбие де береді.

Мемлекет басшысы Қазақстанда инфокоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Соның аясында 2021 жылға дейін Мамлют ауданындағы 16 ауылдық округке жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылады.

Руслан АҢБАЕВ – Мамлют ауданының әкімі:

– Елді мекендерге іс сапармен барған кезімде тұрғындар интернеттің сапасына көп шағымданады. Осыған байланысты 2021 жылға дейін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 16 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері бойынша жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылады.

Жиында алға қойылған жоспарлардан бөлек, бірқатар салада атқарылған жұмыстар да қорытындыланды.

Бердимурат Баймухан