Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл активі жолдауды саралады

Болашақта шағын және орта бизнес өкілдеріне арнап Петропавл әкімдігі арнайы карта жасамақшы. Ол кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беруге көмектеспек. Одан өзге қалалықтардың ұсыныс-тілектері мен шағым-базыналары енді тіркелетін болады. Бұл проблемаларды ұзаққа созбай шешуге септеседі.

Облыстық деңгейде жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру жоспары айқындалды. Ал қалада қандай шаруа атқарылмақ? Актив алдында сөз алған Болат Жұмабеков бірінші кезекте халықпен кері байланыс орнатамыз дейді. Атқарушы билік жұрттың үніне құлақ асуы тиіс демеп пе еді Президент?! Шаһар әкімдігіне түсетін базыналардың басым бөлігі ТҮКШ қатысты екен. Айта-айта жауыр болған мәселелер көп. Десе де, шағымдармен жұмыс істеу мұнда тіпті жүйеленбеген.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Көп жағдайда проблемалар ескерілмей, ұмытылып, шешімін таппай жатады. Өйткені, олар ешқайда тіркелмей келді. Биылғы жылдан бастап біз әрбір базынаны тіркеп, шағымдардың тізімін құрамыз. Кейін кесте құрып, анализ жасап, оларды рет-ретімен шештін боламыз.

Президент шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдауды күшейтіңдер деді. Шағын кәсіп ашамын дейтіндерге қала әкімдігі көмектесеміз деп сендірді. Көп кешікпей болашақ бизнесмендерге арналып арнайы карта әзірленбекші. Ол несімен тиімді болмақ?

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Қай ықшам ауданда қандай қызмет түрлері тапшы? Карта осыны анықтау мақсатында жасалады. Мәселен, бір ауданға – дүкен, екіншісіне шаштараз керек шығар. Осыны ескере отырып, болашақ бизнесмендерге кеңестер беріп отыратын боламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев микро және шағын бизнесті 2020-дан бастап үш жылға табыс салығы мен тексерістерден босатты. Бірақ, бұл ойға келгенді жасауға болады дегенді білдірмейді. Петропавлда 16 мың бизнес субъектісі бар. Табысын жасырып, жұмысшылармен еңбек шартына отырмайтындар жететін. Болат Жұмабеков оларға мемлекет қамдарыңды жеп, қолдау көрсетіп жатыр, сондықтан әділ жұмыс істеу керек деді. Жолдауды негізге алып, Петропавл отбасылық бизнесті де дамытуды жолға қояды. Ол-ол ма, аз қамтылған не көпбалалы жанұяларды кәсіпкерлікке тарту да күшейтлімек. Мәселен, 7 баланың анасы Дания Кенджаева “Бастау бизнес”-тің мүмкіндіктерін қолданған. 1 айқ оқыды, грант алды. Көп кешікпей кәсіп ашып, жұртшылыққа түрлі фотоқызметтерді көрсететін болады.

Дания Кенджаева – көпбалалы ана:

– Алған грантымның мөлшері 200 АЕК. Өзімнің жеке ісімді ашуға жосапралап отырмын. Бұл қуантарлық жағдай. Қала әкімдігі балаларды мектепте тегін тамақпен және оқу құралдарымен қамтамасыз етуде көмек көрсетіп отыр. Көпбалалы аналардың қамын ойлап, әлеуметтік көмек көрсетуді ұйғарған мемлекет басшысы мен қала әкімдігіне ризашылығымды білдіремін.

Қолдау жалғаса бермек. Көпбалалы және жағдайы төмен жанұяларға арнап үй тұрғызуға да, Президент тапсырмасына сай, қарқын қосылмақ. Өйткені, баспаналы болмай, материалдық жағдай түзелмейді. Қазірдің өзінде қоғамның әлжуаз топтарына арнап үй салу үшін шаһарға республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлініпті. Бұқаралық спортты дамытуға да стратегиялық құжатта орын табылды. Ал оны дамыту үшін қала әкімдігі шағын стадиондардың құрылысын бастамақ. Олар Петропавлдың барлық ықшам аудандарында салынады деді Болат Жұмабеков.

Саят Ермек