МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы

Көлікті мас күйде тізгіндеген. Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Есіл аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақыт Исмағұловтың ісі қаралды. Ол бұл лауазымда 14 жыл бойы қызмет атқарыпты. Алайда, ақпан айындағы жасаған ағаттығының салдарынан маманның мемлекеттік қызметтегі мансабы аяқталуы мүмкін.

Күн тәртібіне 6 сұрақ шығарылды. Дені мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында атқарылып жатқан шаруаға арналған. Жұмыстарын Ғ.Мүсірепов ауданының өкілдері, юстиция және денсаулық сақтау департаменті қорытындылады. Алайда, жиынға келген бұқаралық ақпарат өкілдерін қызықтырған сауал басқа. Сұрақ әдеттегідей ең соңында қаралды.

Нұргүл Қахабаева – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

–  2019 жылдың 19 ақпанында түнгі 10-дар шамасында Явленка селосында Есіл аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақыт Исмағұловтың мас күйінде көлік тізгіндегені белгілі болды. Фемида өкілінің алдында маман бірден өз кінәсін мойындамады. Жолдың жырағына түсіп кеткен машинаны мен емес, туысым басқарды деген. Ал бұл туысы оқиға орнында емес, үйде болғанын айтыпты. Наурызда Бақыт Исмағұлов әкімшілік жаупкершілікке тартылды. Азамат 3 жылға темір тұлпарды басқару құқығынан айырылды.

Сот шешімі шыққан соң да, азамат кінәсін мойындамай, істі аппеляцияға берген. Ол аздай, оқиға орын алған жерге барып, хаттама толтырған полиция қызметкерлеріне де шағымданыпты. Екеуіне де көңіл көншітерлік жауап бермеген. Содан болар әдеп жөніндегі кеңес алдында қолмен істегенін, мойнымен көтеруге дайындығын танытып тұр.

Ескендір Елеусізов – әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі:

– Азамат құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімін 14 жыл басқарыпты. Осы уақыт ішінде өзін теріс қырынан танытпаған. Бір ағаттық жіберген екен. Мойындап тұр. Мүмкін сөгіс жарияласақ. Қазір Бахыт Исмағұлов жұмысынан қуылғанмен, оның орнына мемлекеттік қызметшіні табу оңайға соқпас. Аудандағы жағдайды өздеріңіз білесіздер ғой.

Осыған ұқсас жағдай өткен әдеп жөніндегі кеңесте де қаралды. Бірақ, мемлекеттік қызметші жұмыс көлігін емес, өз темір тұлпарын мас күйінде басқарған. Маманға, тіпті қатаң сөгіс емес, лауазымынан босату туралы шешім қабылданды дейді өзгелері. Соңғы сөзін есту үшін Бақыт Исмағұлов орнынан тұрғызылды. Сабаққа кешіккен оқушыдай, қателік азамат «алдағы уақытта қайталанбайды» деді. Алайда, бұл – мектеп емес, мемлекеттік қызмет. Сондықтан, кеңес мүшелерінің көпшілігі бөлім басшысын жұмысынан босату қажеттігін айтып, сәйкес ұсыныс шығарды.

Эльмира Садвокасова