Құқық қорғау органдары

Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру

Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру. Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары құжатта көрсетілген басымдықтарды жұмыстарында негізге алды. Осы мақсатта бүгін ведомство бастығы Марат Төлебаев патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен кездесу өткізді.

Стратегиялық құжатта құқыққорғау жүйесін түпкілікті реформалау туралы көрсетілген. Яғни, полицияның мақсат-міндеті күш құрылымынан  азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет көрсетуге ойысады.

Ішкі істер органдарын қамтитын ауқымды жұмысқа келесі 3 жыл ішінде 173 млрд теңге бөлінбек. Қыруар қаржының қомақты бөлігі патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруге арналады.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы: 

– Естігендеріңіздей, қомақты қаражат бөлінгелі отыр. Сол себепті, біздің тарапымыздан да жауапкершілік болуы қажет. Қызметті абыройлы атқарып, қойылып отырған талаптарды жоғары деңгейде орындау керекпіз. Кейбірі өз міндетіне немқұрайлы қарауы мүмкін. Қазір ол жайттарды дәл осы жерде талқылаймыз.

Марат Төлебаев тәртіп сақшыларына заңның сақталуына баса назар аудару қажет екенін қадап айтты. Патрульдік полиция батальонының мамандары жұмыстарында бірқатар көрсеткіштердің жақсарғанын жеткізді.

Ерлан Мәдиев – СҚО ПД ЖПҚБ ППБ командирі:

– Үстіміздегі жылдың 8 айында республикалық маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны азайды. Оқиғалар – 40,7 %, өлім бойынша – 81,1 және апат кезінде жарақат алу 42,9 пайызға кеміді. Апаттылық деңгейін одан әрі төмендету мақсатында облыс аумағында тиісті рейд шаралары жүргізіліп тұрады.

Облыстық патрульдік полиция батальоны облыстық және республикалық маңыздағы жолдарды қадағалайды және «Шеп» жүйесінің «Оңтүстік» бекетінде қызмет көрсетеді. 15 бағыт бойынша патруль жасалатын аумақтың жалпы ұзындығы 1347 шақырымды құрайды. Батальон өкілдері жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектескен жағдайлар аз емес әрі қол ұшын бергені үшін талай адамнан алғыс естіген. Жиын соңында ведомство бастығы полицейлерге тәртіпті сақтау бойынша нақты тапсырмалар беріп, дәл осындай жиналыс аудандарда да өткізілетінін айтты.

Саят Ермек