Қоғам

Сәбит Мұқанов туралы деректі кинофильм көрсетілді

Ұлы жазушы әрі көрнекті ақын, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған! Бүгін жерлесіміз Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы түсірілген деректі кинофильм көрсетілді. Туындыны тамашалауға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің студенттері келді. Сондай-ақ, жиын соңында облыс аумағында тарихи маңызға ие нысандар жайлы сөз қозғалды.

Сәбит Мұқанов – әйгілі жазушы, ақын, қоғам қайраткері. Ол 1900 жылы Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында дүниеге келген. Жерлесіміз небәрі 7 жасында әкесінен, 8-де анасынан айырылып тұл жетім болып қалады. Өмірдің қиындықтарын ерте көріп ер жеткендіктен бе, оның қаламынан туған әр шығармасы оқырман қауымның жүрегін жауламай қоймайды.

Жазушы – «Сырдария», «Тыңда, туған байлық», «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары» сынды романдардың авторы. Ал «Ботагөз» атты шығармасының желісімен фильм түсірілген. Қазақ елінің бұрынғы тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін туынды көптің көңіліне жол тапқан. Сондай-ақ, жерлесіміз «Бостандық», «Кедейдің ұлы», «Майға сәлем» сынды өлеңдерді де жазған.

Сәбит Мұқанов қазақ тарихы мен әдебиетінде ойып тұрып орын алған. Жиында оның өмірі мен шығармаларынан сыр шертетін документалды кино көрсетілді. Ұлы тұлғаның өткенін танып білуге жастар қауымы көптеп жиналды. Олар да жерлестерінің туындыларын сүйіп оқитындарын айтты.

Рабиға Ералы – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды жазушылардың жерлесі болып туылғаныма қуаныштымын. Мен оның туындыларын сүйіп оқимын.

Жиын соңында облыс аумағында тарихи маңызға ие нысандар жайлы да сөз қозғалды. Тұрғындар енді әлеуметтік желідегі арнайы сайт арқылы ескерткіштер жайлы мол ақпарат ала алады. Жалпы, өңірімізде 25 киелі орын бар. Оның ішіндегі 8-і республикалық маңызға ие екен.

Маржан Касымбек