МТРА жаңалықтары

Жолдау жүктеген міндеттер

Тиімді диалог алаңы, билік пен халық арасындағы көпір. Бір ғасырға жуық тарихы бар кәсіподаққа бүгінде ел бойынша 2 млн адам мүшелік етеді. Ал жергілікті жерде бірлестік 60 мыңдай жұмысшының құқығын қорғайды. Бүгін өңір белсенділері бас қосып, ел Президентінің жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындауға кірісті.

Тиімді мемлекет, азамат құқықтары, дамыған экономика, әлеуметтік жаңғыру мен қуатты өңірлер. Ел Президентінің жолдауы әрбір саланың өркендеуі мен халықтың тұрмыстық жағдайын арттыруға бағытталған. Алға қойылған мақсат көп. Енді сөзден іске көшетін кез жетті. Қазір еліміздің кәсіподақ федерациясы мемлекет басшысымен айқындалған тапсырмаларды орындауды бастаған. Еңбеккерлердің құқығын қорғайтын ұйымның бүгінде беделі артып келеді. Себебі, бірлестік мүшелік ететін жандардың өтініш пен тілектерін министрлік пен Парламентке дейін жеткізуде. Қарапайым мысалды пошташылардың атынан сөз алған Береке Шөпенова келтірді. Нәзікжанды қазір аталған сала жұмысшыларының жалақысын арттыру қолға алып отыр. Дәл осы мәселемен еңбеккерлер кәсіподақ төрайымына жүгінеді екен. Соңғы рет мамандардың айлығы былтыр 15 пайызға көтерілген. Соның өзінде аздық етеді.

Береке Шөпенова – «Пошта байланысы жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрайымы:

– Қазіргі орташа жалақы мынадай: операторлар – 65 мың, пошташылар – 50-55 мың теңге. Пошта саласының қызметкерлеріне, әсіресе, пошташы мен операторлар, өндірістік қызметкерлерге жалақы көтеру туралы мәселесін қозға жатырмыз. Бұл келесі жылы шешіледі деген ойдамыз. Министрлікке жеткіздік.

Жұмыс орындарында кәсіподағы бар жандардың жолы болды дей аламыз. Ел Президенті атап өткендей проблемаларды ашық айтатын қоғамдық диалог алаңы болуы қажет. Сондықтан, ұйым осындай платформаның рөлін атқармақ. Яғни, еңбеккерлердің мәселелерін шешіп, құқығын қорғап, барынша көмек көрсетуді ары қарай жалғастырады. Бір сөзбен айтқанда, бірлестік – халық пен билікті байланыстыратын көпірлердің бірден-бірі.

Ерік Нұрақаев – «СҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

– Қазақстандықтардан түрлі сала мамандарының жұмыстарына қатысты түсетін шағым-арыздар енді елеусіз қалмайды. Мұны мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткен болатын. Қос тарап арасындағы байланыс нығая түседі. Бұл өз кезегінде елдегі мәселелердің түбегейлі шешілуіне септеспек.

Бір ғасырға жуық тарихы бар кәсіподақ ұйымдарына бүгінде ел бойынша 2 млн қазақстандық мүшелік етеді. Ал біздің өңірде бірлестік 60 мыңдай жұмысшының құқығын қорғайды.

Эльмира Садвокасова