“Жас кәсіпкер” жобасының қатысушылары бизнес-жоспарларын қорғады

МТРА жаңалықтары

22:46 4 Қыркүйек 2019

Мақсаты айқын, арманы асқақ! Бүгін “Жас кәсіпкер” жобасына қатысушы теріскейліктердің екінші легі бизнес-жоспарларын қорғады. Солтүстік Қазақстан университетінің колледжінде ұйымдастырылған шарада 38 адам өз жұмысын комиссия мүшелеріне таныстырды. Олардың арасынан үздіктер іріктеліп, қаржылай қолдауға ие болмақ.

“Жас кәсіпкер” – жаңа жоба! Елімізде биыл ғана бастау алды. Оның аясында шілде айында 300-ден аса солтүстікқазақстандық алғашқы лекпен оқытудан өтті. Нәтижесі жаман емес. Ондаған жерлесіміз бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, грант иеленді.

Гүлнәзия Әбілева – СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Жобаның алғашқы легінде 331 адам оқытудан өтті. Олар 2 жұма көлемінде бизнестің қыр-сырын меңгерді. Соңында әзірлеген жұмыстарын комиссия мүшелеріне таныстырды. Нәтижесінде мамандардың мақұлдауымен 70-тен аса азаматқа грант берілді. Қаржылай көмектің көлемі – 505 мың теңге.

Ал жақында екінші лек оқыту курсын тәмамдады. Мұнда 269 адам білім алыпты. Бүгін олардың бірсыпырасы дайындаған бизнес-жоспарларын Солтүстік Қазақстан университетінің колледжінде қорғауда. Яғни, мамандарға таныстырып жатыр. Жұмыстар әр түрлі бағытта жазылған. Бірі – қоғамдық тамақтануға, ал екіншісі маркетингке қатысты. Тұрғындарға қызмет көрсету бойынша да бірнеше жоба әзірленіпті.

Арсен Оразалинов – “Жас кәсіпкер” жобасының бизнес-тренері:

– Менің тобымда 53 тыңдаушы болды. Бүгін олардың 38-і еңбектерін қорғап жатыр. Қалғандары түрлі себептермен қатыса алмады. Жұмыстардың 70 пайызы қызмет көрсетуге қатысты. Қазір жастар жағы осы бағытқа қызығушылық танытуда. Оқыту курстары 13 күнге созылды. Бұл уақытта бизнес-жостар құрдық, ойымызды қағазға түсірдік, көшбасшылық қасиеттерді меңгердік. Бізбен бірге психолог маман да болды. Тыңдаушылардың басым бөлігі – грант, ал 3-еуі “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан” жеңілдетілген несие рәсімдегісі келеді.

Жобаға қатысушылардың бірі – Қайрат Жұмади. Ол – 27 жаста. 2015 жылы Астана медицина университетін тәмамдапты. Мамандығы – дәрігер-реабилитолог. Жерлесіміз мемлекеттік қолдауды иеленгісі келеді. Бөлінген қаражатқа орталық ашып, аяқ-қол, белі мен мойыны ауыратын адамдарды емдеуге ниетті.

Қайрат Жұмади – “Жас кәсіпкер” жобасына қатысушы:

– Негізгі мақсатым – емдік дене шынықтыру және кинозетерапия орталығын ашу. Онда тірек-қимыл жүйесі ауруларына шалдыққан адамдарды емдегім келеді.

Тыңдаушылар жобаларын қорғаған соң, грант және жеңілдетілген несие алуға өтініш береді. Сол арқылы комиссия мүшелері бағы жанған жастарды анықтамақ. Айта кетейік, осымен өңірімізде “Жас кәсіпкер” жобасы аясында оқыту биылға аяқталды. Барлығы 600 адам білім алды. Олар – 18-бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген және оқымайтын жандар.

Байболат Бектемірұлы