Құқық қорғау органдары

Есірткі сатпақ болғандар құрықталды

Петропавлда есірткі саудасымен айналысқан екі адам ұсталды. Олар саяжайлардың бірінде қылмыс үстінде құрықталған. Сол жерде нашаның әжептәуір көлемі тәркіленіп, тағы жалдап келген пәтерлерінен де табылған. Екеуі де қазір қамауда отыр. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Сағат кешкі 6-лар шамасы. Қала маңындағы саяжайлардың бірінде 2 қылмыскер 10 келі марихуана мен 2 келі гашиш сатпақ болады. Бірақ, олардың ойлары жүзеге аспады. Тәртіп сақшылары жедел іске кірісіп, заңбұзушыларды құрықтады.

Одан әрі тінту барысында саяжай учаскелерінің бірінде және жалдамалы пәтерде тағы 4 келі марихуана мен 1 келі гашиш табылған. Осы іске қатысты бұрын сотты болған 76-шы және 85-ші жылы туылған Петропавл қаласының екі тұрғыны ұсталды. Енді, олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Данабек Үдербаев – Петропавл қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі:

– Фигуранттар ҚР ҚПК 128-бабы тәртібімен Петропавл қаласының ПБ УҰИ қамалды. Айта кететін болсақ, есірткі өткізбек болғаны үшін ұсталғандар ағымдағы жылғы маусым айында бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққандар.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 132 факті анықталып, заңсыз айналымнан 200 келіге жуық наша тәркіленген. Оның 112 грамы – героин, ал 800 грамға жуығы – синтетикалық есірткі. Заңның ала жібін аттаған 83 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Дана Ешкенова