Балалар

Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам

«Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам». Бүгін Петропавлда осы тақырып аясында облыстық дебат турнирі өтті. Пікірсайысқа жергілікті дебаттық клубтардың үздік спикерлері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

Облыс орталығында латын әліпбиіне байланысты пікірсайыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған шешендік шеберлігіне ие, өз ойларын еркін баяндайтын белсенді жастар қатысуда. Пікірсайыс американдық, британдық және «Линкольн-Дуглас» сияқты үш форматта өтіп жатыр.

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

–  Мұнда қатысушылар жекелей және командаға бөлініп тыңдарманға өз ойын жеткізе алады. Қатысушылар пікірлерін белгіленген уақыт ішінде айтып үлгерулері тиіс.

Біржан Тұрғанбай – дебатқа қатысушы. Ұтқыр ой мен өткір тілдің иесі – осыған дейін талай пікірталастарға қатысып, топ жарған спикерлердің бірі. Латын әліпбиіне көшу өте маңызды. Өйткені, ол арқылы заман талаптарына жақын боламыз дейді белсенді жас.

Біржан ТҰРҒАНБАЙ – дебатқа қатысушы:

– Латын әліпбиінің мәселесі жайлы дебатқа алғаш рет қатысып отырмын. Жаңа әліпбиге ауысу болашақта зор мүмкіндіктерге жеткізеді.

Жалпы, дебатта 24 сөз шебері пікірталастырды. Іс-шараның мақсаты – латын әліпбиіне көшуді жастар арасында талқылау. Пікірсайыс соңында қатысушылар кубок, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бердимурат Баймухан