Халық тарих толқынында

“Жеңіс жауынгерлері” жобасы 2-ші мәрте ұйымдастырылады

Петропавлда “Жеңіс жауынгерлері” жобасы 2-ші мәрте ұйымдастырылады. Әлеуметтік бастаманы 16 жастағы мектеп оқушысы Богдан Рыхликов қолға алып отыр. Ол наурыздың біріне дейін тұрғындардан ҰОС қатысқан жандар мен Тыл еңбеккерлерінің суреттерін қабылдайды. Кейін содан Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арнап үлкен фотоколлаж жасауды жоспарлап отыр.

Петропавлдық оқушы Богдан Рыхликов Жеңістің 74 жылдығына арнап тамаша тарту жасағаны ел есінде. Жерлесіміз 1 ай көлемінде Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер мен Тыл еңбеккерлерінің суреттерін жиды. Кейін, содан мына коллажды жасады. Мұнда 2 мыңға жуық адамның бейнесі орналастырылған. Олардың арасында теріскейліктердің ғана емес, шетелдерден жолданған фотолар да бар.

Богдан Рыхликов:

– Біз мұндайды күтпедік. Жобаға жергілікті тұрғындардан бөлек, әлемнің көптеген елдерінен азаматтар қатысты. Яғни, олар да суреттерді жолдап жатты. Бір өкініштісі, жіберілген дүниелердің барлығын техникалық жағдайларға байланысты коллажда көрсете алмадық. Сол себепті, 1 бейнені бірнеше рет қоюға тура келді.

Белсенді жастың жұмысы көпшілікке ұнады. Дүйім жұрт әлі күнге дейін фотоколлажға келіп, суреттерді қарайды. Бейбіт күн сыйлаған батыр бабаларын көреді.

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Осы фотомозаика қалалықтарға өте ұнады. Жастар да, үлкендер де барып тамашалады.

Богдан мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ол “Жеңіс жауынгерлері” жобасын 2-ші мәрте ұйымдастыруды қолға алды. Жасөспірім қыркүйек айының 2-ші жұлдызынан наурыздың 1-іне дейін тұрғындардан суреттерді қабылдамақ. Міне, осы жиналған дүниелерден алғашқыдан да үлкен фотоколлаж жасамақшы. Осылайша 9-шы Мамыр мерекесіне тағы ерекше тарту жасамақшы. Мұны қалалық ардагерлер кеңесі қолдап отыр.

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Келесі жылы Жеңістің 75 жылдығын тойлаймыз. Осыған орай акцияға бастау бердік. Ұйымдар майдангерлердің, Тыл еңбеккерлерінің фотосуреттерін жинап жатыр.

Оқушының бастамасын тұрғындар қолдап отыр. Олардың көпшілігі алдағы уақытта жасалатын фотоколлажға жеңісті жақындатқан туған-туысқандарының суреттерін қосуға ниетті.

–  Менің қайын атам соғысқа қатысқан. Полковник болған. Сол кісінің суретін коллажға қосқым келеді. Естелік қой.

– Бұл – өте жақсы бастама. Жастар батырлардың суреттерін көруі тиіс. Сонда патриот болып өседі.

Айта кетейік, суреттерді Интернационал көшесіндегі “Парк Хаус” қонақүйлік компаниясының кеңсесіне апаруға болады. Ол жердегі мамандар тұрғындарды демалыссыз тәулік бойы қабылдайды. Тағы, жұмыс күндері МТРА-ға келіп те тапсыра аласыздар. Немесе экранда көрсетілген 9mayaphoto@mail.ru мекен жайына жіберуге болады.

Байболат Бектемірұлы