Білім

“Қызылжар-адалдық алаңы” аясында студенттермен кездесу өтті

Парасаттылық сағаты. Бүгін осындай атаумен «Қызылжар-адалдық алаңы» жобасы аясында машина жасау колледжінде шағын жиын өтті. Студенттер қатысқан отырыста парасаттылық туралы және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жайлы айтылды.

Жиынға арқау болып отырған тақырып – адалдық пен парасаттылық. Бұл қасиеттерден жұрдай болған кісі түрлі өрескел істерге барады. Соның бірі жемқорлық болуы мүмкін. Бармақ басты, көз қыстылықтан бойды, сананы ада ұстау үшін не істеу қажет? Жүрекке адалдық пен парасаттылықты ұялатудың қайнар көзі неде? Басқосуда осы бір тұстар кеңінен талқыланды. Небір пікірлер айтылды. Көпшілігі дұрыс тәрбие беру керек деді. Ендеше оны балалық шақтан немесе жастық кезден қалыптастыру керек.

Екатерина Старостина – «Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі:

– Бүгінгі жиылып отырған мақсатымыз – өскелең ұрпаққа жемқорлықтың салдарын түсіндіре отырып оларды жаман әдеттерден алшақтату. Осы ретте пайдалы дейтіндей бірқатар шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Мәселен, өңірдегі барлық оқу ошақтарында Академиялық адалдық саясатын енгізуді ұсындық. Бастама оқу орнында жемқорлыққа тосқауыл болады.

Жиын барысында жастар жағы тақырып төңірегінде айтылған ойларды тыңдап қана қоймай, азамат ретінде өз пікірлерін де білдірді, қойылған сұрақтарға белсенді жауап беріп отырды. Және сыбайлас жемқорлықпен күресте өз тараптарынан үлес қосатындықтарын айтты.

Виталий Химяк – Петропавл машина жасау колледжiнiң студенті:

– Семинар қызықты өтті. Қозғалған тақырып өте өзекті. Шынымен де, барлығы өзімізге байланысты. Әр қадамымызды ойлап барып басуымыз керек. Жемқорлыққа жол жоқ!

Айта кетейік, бұндай “Парасаттылық сағаты” бүгін еліміздің барлық оқу ошақтарында өттті. Ал біздің өңірімізде жастардың қатысуымен осындай жиындар бір ай бойы ұйымдастырылады деп жоспарланған екен.

Дана Ешкенова