Спорт

Әуесқой командалар арасында футболдан ел біріншілігі өз мәресіне жетті

Петропавлда әуесқой командалар арасында футболдан өткен ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада 10 құрама бәсекелескен болатын. Олар – Нұр-Сұлтан, Қостанай, Атырау, Қаскелең, Қарағанды қалаларынан келген және жергілікті футболшылар.

Бәсеке бүгін тартысты өтуі керек. Өйткені, ойыншылар 1-ші және 2-ші орынға таласады. Алаңда – «БН Қаскелең» мен «Игілік» құрамалары. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ойыншылар барларын салып жатыр. Бірінші таймның қорытындысы бойынша екі жақ 1-1 есебімен тең келе жатыр.

Дастан Карим – ҚФФ бұқаралық футбол департаментінің бас маманы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Ойын жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Жеңіске жеткен командалар плей-оффқа шығады. Бұл жарыс Қазақстанды халықаралық аренада тағы бір қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни, ел ойыншылары УЕФА-ға кіретін 55 мемлекеттің қатарында өнер көрсете алады.

Келесі таймда “Қаскелең” ойыншысы қарсыластарының қақпасына гол соғып, құрамасын 2-1 есебімен алға жетеледі. “Игілік” командасының аяқдопшылары да тырысып бағуда. Олар алматылықтарға бірнеше мәрте қауіпті шабуыл жасады. Алайда, қарсыластарының қақпасынан ешқандай саңылау таба алмады. Арада бірер минут өткен соң “Қаскелең”құрамасының ойыншысы Дәурен Құсайынов тағы бір доп соғып, өз командасына жеңіс сыйлады.

Дәурен Құсайынов – “БН Қаскелең” командасының ойыншысы, Алматы облысы:

– Ойнау қиын болды. Қарсыластардың бәрі мықты. Біз де намысты қолдан бермедік. Бүгін, міне финалда жеңіске жеттік. Өте қуаныштымын!

Финалдың қорытындысы бойынша алматылық «БН Қаскелең» құрамасы топ жарып, бас жүлде – кубокты жеңіп алды.Ал 2-ші орынды “Игілік” командасы иеленсе, қарағандылық “Гефест” құрамасы 3-ші орынды місе тұтты. Сондай-ақ, жарыста көзге түскен ойыншылар “Үздік қақпашы”, “Үздік шабуылшы” және “Үздік қорғаушы” номинациясы бойынша марапатталды.

Бердимурат Баймухан