Құқық қорғау органдары

Оқушыларға жолда жүру ережелері түсіндірілді

Білім күніне орай өтетін салтанатты жиындарға оқушылар мен мұғалімдерден бөлек, әдетте ата-аналар, балалардың туысқандары қатысады.

Бұл жолы өңір полицейлері мерекені мүлт жіберген жоқ. Алғашқы қоңырау жиынына олар да атсалысып, тағылымды шара өткізді. Оның бірі қаладағы қазақ мектеп-гимназиясында өтті. Жаңа оқу жылы басталысымен үй мен мектеп арасында оқушылар жиі жүреді: сабағы бар, үйірмелері бар дегендей. Әрі қыс жақындасымен күн қысқарып, тез қараңғы түсе бастайды. Міне, осындайда көлік сапырылысқан көшеде аса абай болу керек. Қырағылық танытып, барлық қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстау қажет. Тәртіп сақшылары сыныптарда оқушыларға осыны айтты. Арнайы ұйымдастырылған шараға облыс бойынша 600-ден астам маман қатыстырылған. Ал 90-ға жуық автопатруль білім ошақтарына жақын жерлерде қауіпсіздікті қадағалау мақсатында кезекшілік атқарыпты.

Зарима Жакина – Петропавл қ. ПБ ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы:

– 1 қыркүйектен бастап 30-шы қыркүйек аралығында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жас жаяу жүргіншілерге арналған жол қауіпсіздігі ережелерін еске салу. Балалар жолдан өтпес бұрын толық қауіпсіздікке көз жеткізулері қажет. Тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтері бар киімдерді кию қажет екенін ескерткіміз келеді.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жаяу жүргіншілер өтетін аумақтағы белгілерді жаңартып, жергілікті атқарушы органдарға 100-ден астам тиісті нұсқама жіберген.

Данаш Хамзина