МТРА жаңалықтары

Муниципалдық телеарнаға – 21 жыл

Бізге – 21 жыл! 1-ші қыркүйек Муниципалдық телеарна өзінің кезекті туған күнін атап өтті. Маңызды датаға орай артта қалған 1 жыл ішінде арна тіршілігінде орын алған маңызды өзгерістерді еске түсіруге тырыстық.

Кешегі бұл кадрлар – бүгінгі тарих. Муниципалдық телеарна 20 жылдығын осылай дүркіретіп тойлаған еді. Сол уақыттан бері тура бір жыл өтті. Биыл арна 21-ді еңсеріп отыр.

Саят Ермек – тілші:

– 20 жылдыққа арнап Муниципалдық телеарна жайлы 4 репортаж жасаған едік. Арнаның тарихы, тынысы мен күнделікті жұмысы сол жолы жан-жақты суреттелді. Қайта тоқталудың қажеті болмас. Ал соңғы бір жылда бізде қандай өзгерістер орын алды? Жіпке тізіп көрейік.

Ең басты әрі маңызды жаңашылдық мынада – сәуірде біз хабарды кең форматта тарата бастадық. Осылайша бейне көлемі мен сапасының әжептәуір жақсарған жайы бар.
Ал арнамыздың қазақ редакциясы биыл 3 журналистпен толықты. Жаңа тілшілер – қазірдің өзінде көрермен көзайымы.

Маржан Қасымбек – МТРА тілшісі:

– Мұнда келген бірінші күннің өзі маған ерекше әсер етті деп айтуға болады. Мұнда ешкім қол қусырып, уақытын жай өткізіп отырмайды. Күндіз-түні журналистер іздену үстінде. Осында журналистердің қалай жұмыс істейтінін көрген соң, мамандығымды дұрыс таңдағаныма толықтай көзім жетті.

Эфирге үздіксіз шығатын бағдарламаларымызда да орын алған өзгерістерді айналып өте алмадық. “Апталық шолу”-ды енді Байболат Бектемірұлы жүргізеді. Ал “Диалог”-тың тізгініне жас журналист Эльмира Сәдуақасова келді. Жаңалықтарымыз да жаңа диктормен толықты. Күннің айшықты оқиғаларымен бұқараны Дана Сәлімқызы таныстырып жүр.

Көріп отырғандарыңыздай, арнамыз баяғы ырғақпен жұмыс жасауда. Демалыс пен мерекелік күндерде біз тынықпаймыз, керісінше көрерменді теріскей тынсымен таныстыру үшін жұмыс істейміз. Аптап ыстық та, қақаған аяз да бізге кедергі емес.

Ал алда – енді жаңа маусым. Оны Муниципалдық телеарна жаңа видеографикамен бастамақ. Контент қызықты болсын деп, жұмысымызды біз үнемі жетілдіріп отыруға тырысамыз. Бұл ыждахатымыз ең басты сыншы – көрерменнің көңілінен шығып жатса, ұжымға одан артық алғыс бар ма?!

Саят Ермек