Білім

Өңірде 9 мың бала алғаш рет мектепке барды

Өңір мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды! Биыл облыс бойынша 71 мыңнан астам оқушы үшін жаңа оқу жылы басталды. Оның ішінде 9 мың бала 1-ші сыныпқа барып отыр. Соның жүзден астамы бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейіне қабылданған.

Есік жақтан үстіне қызыл формасын киген кішкентай бүлдіршіндер кіріп келді. Оқушы атанған балалардың қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап тұр.
Олар үйдегідей еркелігін қойып, өздерін үлкендей ұстауы адамға мейірім ұялатады.

Қалыптасқан дәстүрге сай шараның шымылдырығы Гимнмен ашылды. Балғындар да аға-әпкелері сияқты қолдарын кеуделеріне қойып, Әнұранды жатқа айтты.
Самира Мульдинованың жасы 6-да. 1-ші сыныпқа келіп отырған балақай үлгілі оқушы боламын дейді.

Самира Мульдинова – бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің оқушысы:

– Маған мұғалім болған ұнайды. Өйткені, олар балаларға оқуды үйретеді. Мен 6-ға дейін санай аламын.

Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Өскелең буынға үлкен сенім артылып отыр. Оларды жаңа оқу жылының басталуымен өңір жетекшісінің атынан орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

–  Мемлекетіміз білім беру жүйесінің сапасын арттыруды басты назарға алған. Өйткені, озық 30 елдің қатарына қосылу үшін ең алдымен бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет. Ал жастардың заманауи әрі сапалы білім алуларына еліміз тиісті жағдай жасап отыр. Осының барлығы Отанымыздың жарқын болашағы үшін.

Жалпы, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицей оқушыларының жеткен жетістіктері көп. Мәселен, олар түрлі облыстық, республикалық олипиадаларға қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр.

Оксана Новикова – бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің директоры:

– Биылғы оқу жылында мектебімізде 11-сыныпта 37 бала оқиды. 1-ші сыныпқа 108 оқушы қабылданды. Бұл өткен жылға қарағанда біразға көп. Былтыр 2 оқушымыз мектепті Алтын белгімен аяқтаса, тағы 2-уі үздік аттестат иеленді.

Айта кеткен жөн, өңірімізде жыл санап оқушылар саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы облысымызда 70 мың бала білім алса, биыл олардың саны мыңға артқан. Оның ішінде 9 мыңы – мектеп табалдырығын енді аттағандар.

Маржан Қасымбек