Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шаһарда Конституция күні аталып өтті

Ата Заң – еліміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры! Бүгін – ҚР-ның Конституциясы күні. Маңызды құжаттың қабылданғанына 24 жыл толып отыр. Айтулы датаны солтүстікқазақстандықтар ерекше салтанатпен атап өтті. Жерлестеріміз құбылмалы ауа райына қарамастан орталық алаңда бал жәрмеңкесі мен қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Тағы, ән-жырдан шашу шашты.

Дана Сәлімқызы – тілші: 

– 1995 жылдың дәл осы күнінде республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Азат еліміздің басты құжаты саналған – Ата Заң бейбіт өмір мен берекелік тірліктің тірегіне айналды. Бүгін мерейлі мереке күнін солтүстікқазастандықтар бір адамдай тойлауда.

24 жыл бойы еркіндіктің негізіне айналған Конституция Қазақстан халқына басты дүние – таңдау құқығын берді. Ата Заң берген кең мүмкіндіктердің арқасында қазақстандықтар біраз жетістіктерге қол жеткізді. Ел экономикасы мен халықтың әл-ауқаты көтерілді. Осыны жүрегімен сезінетін петропавлдықтар мен шаһар қонақтары барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтауда.

– Мереке құтты болсын! Елімізге тиыштық, аманшылық тілеймін.

– Еліміз гүлдене берсін! Қазақстанда 100-ден астам ұлт тұрады. Барлығымыз бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүре берейік.

Бұл күні мерекелік сахна төрінен еліміздің егемендігін айшықтайтын әндер мен билер орындалды.

Мерекелік концерттен бөлек, орталық алаңда түрлі жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастырылды. Мәселен, қалалық мектептер тұрғындардың назарына “Табиғат сыйы” атты көрме ұсынды. Мұнда Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің ұжымы жасаған бұйымдар да бар. Олар бұл көрмеге түрлі гүлдерден, жеміс-жидектер мен көкөністерден әдемі композициялар жасап әкелген. Бұдан бөлек, мұғалімдер қауымы жерлестеріне мерекелік сый ретінде әдемі безендірілген фотоаймақ да дайындаған екен.

Екатерина Синикова – Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің мұғалімі:

– Жылда осы көрмеге қатысамыз. Биыл ұжыммен композициямызды “Сұлу күз” деп атадық. Мұнда мектеп учаскесінде өсірілген жеміс-жидектер мен гүлдерді пайдаландық. Биылғы көрмеде ерекшелену үшін фотоаймақ жасадық. Мәселен, гүлдерден белдемше жасап шығардық. Оған қоса әйелдердің бас киімін де қолдан істедік. Осылайша, келген қонақтар белдемше мен бас киімді киіп суретке түсе алады.

Бұдан ары қарай солтүстікқазақстандық омарташылардың бал фестивалі өтуде. Олар табиғи өнімнің түр-түрін саудалауда. Бағасы да қолжетімді. Сатып алмас бұрын балдың дәмін татып көруге де болады екен. Мәселен, “Пасека Қызылжар” серіктестігі денсаулыққа пайдалы тәттінің мың тоннасын әкелген. Олар балғын өнімнің 4 түрін шығарады. Оған қоса жеміс-жидек қосылған түрлі түсті бал да бар. Көбіне осы қала тұрғындарының сұранысына ие.

Олег Гаврилов – “Пасека Қызылжар” ЖШС директоры:

– Биылғы өнім мол. Балдың барлық түрі дәмді. Ең пайдалысы, ол – донник. Жалпы, осындай фестивальге 2009 жылдан бері қатысып келемін.

Тағы, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдында стенд пен көрме жайғасқан. Ата Заңымыздың тарихымен сан алуан фотосуреттер арқылы танысуға болады.

Әлия Усинова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

-Мұнда Қазақстан Республикасының Конституциясының тарихы көрсетілген. Сонымен қатар, бұл көрмеде ҚР-ның 1995 жылы қабылданған Конституциясының макеті бар.

Ал саябаққа кіреберісте бүлдіршіндерге арналған шара өтуде. Мұнда өнерлі ұл-қыздар қойылым қойып, ән мен биден шашу шашты. Осылайша тәуелсіз елдің жеткіншектері мемлекеттік мерекені атап өтуде.

Дана Сәлімқызы