Қоғам

“Салт-дәстүр” этномәдени фестивалі өтті

Бүгін Достық үйінің алдында “Салт-дәстүр” этномәдени фестивалі өтті. Байқауға облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 7 ауданның өкілдері қатысты. Ұлттық киім киген жерлестеріміз түрлі тағамдарды әзірледі.

Долма, пахлава, довга, хачапури. Үстелдің үстінде түрлі тағамдар самсап тұр. Мәселен, мынау – қарапайым пеште емес, ыстық тандырда пісірілген нан екен. Ерекше сәнделіп безендірілген астардың келбеті көздің жауын алса, дәмі тіл үйіреді. Адамның тәбетін ашпай қоймайтын бұл тағамдарды Тимирязев ауданынан «Karapapak turkileri» этномәдени бірлестігінің өкілдері әзірлеп келіпті. Ұжымның фестивальге тыңғылықты дайындалғандары көрініп-ақ тұр.

Сайран Қабиденова – «Karapapak turkileri» этномәдени орталығының жетекшісі, Тимияр ауданы:

– Дініміз де, дәстүріміз де бірдей болғандықтан ата-бабамыздан қалдырған мұраларды сақтауымыз керек. Мына пахлаваны түріктің орыс келіні әзірлеп әкелді. Келіншек бүгін осы қалай жасағанын көртететін болады.Осының барлығы бірлігіміз үшін.

Ал мына жерде Қызылжар ауданының дарындылары жиналғандарға өнерлерін паш етуде. Қолдарына микрофон ұстаған жандар орыс ұлтының әнін нақышына келтіріп орындап жатыр. Сондай-ақ, бұл ұйымның өкілдері көңілді музыкадан бөлек, түрлі тағамдарды да әзірлеген екен. Мұнда да құймақ, нан, көкөніс сындылардың бәрі бар.

Людмила Гладких – “Родник” этномәдени орталығының жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Біз фестивальге бар күшімізді салып дайындалдық. Өйткені, ұжымымыз үшін бұл мерекенің маңызы зор. Барша солтүстікқазақстандықты бүгінгі мейраммен шын жүректен құтықтаймын. Денсаулықтарыңыз мықты, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын.

Жалпы, “Салт-дәртүр” фестиваліне барлығы 7 ауданның этномәдени орталықтары қатысты. Олар сайыс ережесіне сәйкес ең алдымен түрлі ұлттың салт-дәстүрін көрсетуде. Ал қазылар алқасы шаңырақтарды кезек-кезегімен тамашалап шығып, бағаларын береді.

Қазақстан Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған фестивальге жиналған теріскейлік қауымның қатары қалың. Олар сайысқа қатысушылардың дайындаған астарынан дәм татып көріп, өз бағаларын беруде.

– 80 Тағамдар өте дәмді екен. Жемістерді сайысқа қатысушылар сыйлады. Маған адамдардың қонақжайлығы мен бүгінгі концерт өте қатты ұнады. Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құтықтаймын.

Жерлестеріміздің мерекелік көңіл-күйін себелеп жауған жаңбыр мен аздап суыған ауа райы да серпілте алмады.

Маржан Касымбек