Спорт

«Ринг патшасы-2019» ашық облыстық турнирі өз мәресіне жетті

Естеріңізге сала кетейік. Осыдан бірер күн бұрын бокстан «Ринг патшасы-2019» ашық облыстық турнирі басталған болатын. Оған ел аумағынан бөлек Ресейден де спортшылар ат терлетіп келген. 4 күнге созылған дүбірлі дода бүгін өз мәресіне жетті. 30-дан астам былғары қолғап шеберін тоғыстырған сайыста кім мықты атанды.

Бүгін ақтық сын. Спортшылар жеңіске жету үшін барларын салуда. Боксшылар 6 салмақ дәрежесі бойынша 1-ші, 2-ші және 3-ші орынға күш сынасып жатыр. Күрзі жұдырық иелерінің арасында Азия ойындарының чемпиондары, Әлем кубогінің жүлдегерлері, әскери қызметшілер арасындағы жаһандық додада атой салған спортшылар мен жаттықтырушылар да бар.

Жанат Жақиянов – К.Сафин атындағы облыстық бокс мектебінің директоры:

– «Ринг патшасы-2019» турнирі жыл сайын өтеді. Биыл міне 3-ші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Онда елдің бүгіл аймағынан келген спортшылар бәсекелесіп жатыр. Қатысушылардың саны да былтырғыға қарағанда көп.

Шаршы алаңда Нұр-Сұлтан қаласынан келген Рақымжанов Мейіржан мен атыраулық Адик Бермешов жұдырық түйістіруде. Спортшылар жақсы дайындалып келген. Екеуі де бір-біріне дес бермеуде. Төрешілердің шешімі бойынша бұл жолғы сайыста 63 жастағы Адик Бермешов жеңіске жетті. Оған 27 жас кіші қарсыласы өзінің інілік жолын берді.

Мейіржан Рақымжанов – жарысқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Үлкенді сыйлаған халықпыз ғой. Мен ол кісіге қарағанда әлдеқайда жаспын. Алар асуым әлі алда. Келесі жылы осында қайта келіп өнер көрсетемін.

Жалпы, жарыста боксшылар 6 салмақ дәрежесі бойынша жұдырық түйістірді. Турнирдің жүлдесі ретінде 1-ші орынға – 150 мың, екінші орынға – 100 мың және 3 орын алғандарға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Сондай-ақ, топ жарғандарға «Ринг патшасы-2019» белдігі табысталды.

Бердімұрат Баймұқан