МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Береке ықшам ауданында су жаңа мектеп қолданысқа берілді

Конституция күніне орай Петропавл шетіндегі Береке ықшам ауданында жаңа мектеп қолданысқа берілді. 600 орындық білім ұясын салуға 1,5 млрд теңгедей қаржы жұмсалған. Заманауи әрі кең білім ошағында оқушыларға жасалған жағдаймен бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов танысты.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл мектепті ықшам аудан тұрғындары ұзақ күтті. Тіпті, оны орындалған арман десек те болатын шығар. Өйткені, енді берекелік балғындарға білім алу үшін шаһардың о шетінен бұ шетіне сабылудың қажеті жоқ.

Бұл мәселемен Арай Жүсіпова жақсы таныс. Үш ұлдың екеуі сабаққа барады. Оларды апарып тастап, алып кету керек. Алыстағы мектепке жетудің өзі бір машақат болған.

Арай Жүсіпова:

– Қысы-жазы күннің суығына қарамастан қоғамдық көлікпен апаратынбыз. Көп уақыт кететін, ерте тұратынбыз. Енді үйіміздің жанында заманауи, сәулетті мектебіміз бар. Өте қуаныштымыз.

Жаңа қазақ мектебі 25-ші нөмірге ие. Ол 600 орынға шақталған. Небәрі екі күннен соң білім ошағы 500-ден астам оқушыға есігін айқара ашады. 70-і 1-ші сыныпқа аяқ баспақ.

Сәуле Тұрсынова – қалалық №25 орта мектебінің директоры:

– Бүгінгі күні 45 мұғалім қабылданды. Барлық пәндер бойынша мұғалім жетіспеушілігі жоқ. Балалардың білімдерін тереңдетіп оқытуға, олардың жақсы білім алуына жағдай жасалған. Құрылыс сомасы – 1,5 млрд.

Мектеп оқушылары да, мұғалімдері де, ата-аналар қауымы да жаңа оқу жылын асыға күтіп жүр. Бұл түсінікті, әрине. Сөз жоқ, мұнда білім алу – әр баланың арманы. Сыныптардың бәрінде интерактивті тақта мен проектор тұр. Ал әрбір ұстаздың жеке ноутбугі бар. Американдық кинолардан жиі көретін темір шкафтар да дәлізде қаз-қатар тізілген.

Ал бұл лифті әсте басшылық пен мұғалімдерге емес, жарымжан оқушыларға арналған. Инклюзивті білім де назардан тыс қалмапты. Мектеп мүмкіндігі шектеулі балғындардың еркін оқып-тоқуына ыңғайлы етіп жасалған. Оқушылардың денсаулығына да ерекше көңіл бөлдік дейді басшылық. Сөздерінше, балалар спортпен шұғылдансын деп спортзалды жарақтауға қаржы аялмапты.

Нұрым Хамзенов – қалалық №25 орта мектебінин дене тәрбиесі мұғалімі:

– Спортзалдың көлемі – 620 шаршы метр. Үлкендігі сондай, мұнда гендерлік сабақ өткізуге болады. Көзге түсетін тағы бір ерекшелік – бұл спорттық линолеум. Дене шынықтыру сабағында балалар құламай-сүрінбей болмайды. Ағаш еденге қарағанда спорттық линолеум қауіпсіз.

Мектеп ішін аралап жүрген аймақ басшысының жүзінде күлкі. Құмар Ақсақаловтың қуанышы ата-аналар мен ұстаздардікінен кем еместігі көрініп-ақ тұр. Әкім мұғалімдермен ынталана тілдесуде. Сыныптар, асхана, тіпті спорт алаңқайы – Құмар Ақсақалов мектептің әр бұрышын аралап шықты. Ал акті залына кіріп келген өңір жетекшісін көңілі шатты ата-аналар қауымы шашумен қарсы алды.

Аймақ басшысының сөзінше, болашақта бой көтеретін білім ошақтарының барлығы осындай болуы тиіс. Ал алдағы бірер жылда мектептер теріскейде көптеп салынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстіка Қазақстан облысының әкімі:

– Екінші тоқсанда “Жас Өркен” ықшам ауданында екінші мектебіміз ашылады. Жұмабаев көшесіндегі жаңа мектептің құрылысы биыл басталды. Ол келесі жылы қыркүйектің 1-і ашылатын болады. Ендігі жоспарымыз – Бескөл ауылы мен Тайынша ауданында мектеп салу. Біз тек қана осындай заманауи мектептер салатын боламыз.

Саят Ермек – тілші:

– НЗМ-ді есептемегенде соңғы рет Петропавлда бюджеттік білім ошағы осыдан 12 жыл бұрын салыныпты. Берекедегі жаңа мектеп қалалық білім саласындағы өзекті бір түйіткілді шешуге аз да болса сеп болмақ. Бұл – үшауысымдық оқыту. Бүгінге дейін шаһарда мұндай режиммен 4 мектеп жұмыс істеп келген. Бүгіннен бастап олардың саны 1-ге кеміді. 

Саят Ермек