Жергілікті кәсіпорын тауардың жаңа түрін шығармақшы

Өнеркәсіп

22:07 29 Тамыз 2019

Жоғары сапалы әрі бағасы да қолжетімді. “Изолит” серіктестігі электр оқшаулау материалының жаңа түрін әзірлеп шығармақшы. Жобаны өңірімізге тәжірибесімен бөлісуге келген ресейлік маман ұсынған. Жалпы, жергілікті кәсіпорын тауардың 20-дан астам түрін дайындайды екен.

Мұнда нәзікжандылардың бірі материалдарды кесіп жатыр. Ал екіншісі олардың үстіне желім жағуда. Келіншектер кейін қағаздарды арнайы кептіргіш құралдың ішіне жібереді. Жұмыс әсте оңай емес. Өйткені, бірнеше сағат бойы тік тұру шыдамдылықты талап етеді.

«Изолит» серіктестігі – еліміздегі электр оқшаулағыш материалдар шығаратын жалғыз зауыт. Мұнда теміржол, электр станциясы және металлургия саласында қолданылатын тауарлардың 20-дан астам түрі дайындалады.

Кәсіпорында өнімінің сапасына баса назар аударылады. Зауыттағы жұмысшылардың тәжірибесін арттыру мақсатында мұнда үнемі шетелдік мамандар келеді. Олар жерлестерімізге өздерінің ақыл-кеңесін айтып, бар білген-түйгенін практика жүзінде көрсетеді екен.

Александр Бебешко – «Изолит» ЖШС бас директоры:

– Шетелдік мамандар оқыту сабақтарын күнде өткізеді. Бұл басқа елдермен тәжірибе алмасып, біліктілігімізді арттыруға өз көмегін тигізеді. Мамандар өңірімізде 10 күн немесе одан да көп уақыт жүреді.

Юрий Мещеряков – көршілес Ресейден келген білікті маман. Оның бұл салада жүргеніне біраз жыл өткен. Ол оқшаулау материалын жасаудың барлық қыр-сырын біледі. Сондықтан, теріскейлік серіктестік білікті кадрмен бірге жаңа Аргоф-ЭП материалын дайындап шығаруды жоспарлап отыр.

Юрий Мещеряков – А.М.Прохоров атындағы инженерлік ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, Мәскеу қаласы, РФ:

–  Біз жаңа электр оқшаулағыш метериал жасап шығарамыз. Біз дайындауды жоспарлап отырған материал бұрын Қазақстанда болмаған. Оған қажетті заттар мен құрылғыларды Германия мен Ресейден алдыртамыз. Оның сапасы барлық талаптарға сай келетініне күмәнім жоқ.

Екі тарап та жобалау құжаттамасын әзірлеп қойыпты. Енді олар заманауи жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, өңірге мәскеулік маман жергілікті кәсіпкерлер палатасының жобасы аясында келіпті.

Әсел Самаратова – СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Бағдарламаның негізі мақсаты – кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандардың тәжірибесін арттыру. Кәсіпкерлер палатасы мұндай жобаны 2014 жылдан бері жүргізіп келеді. Біз жылына 4-5 маман шақырамыз. Олардың барлық шығыны төленеді.

Беларусь,Украина және Ресей. Жалпы, кәсіпорында шығарылатын өнімдер елімізден бөлек, шетел нарығында да жоғары сұранысқа ие.

Маржан Касымбек