ТЖ

Сақтықта қорлық жоқ: өңір құтқарушылары техникасын сайлады

Шомылу маусымы аяқталды десек те болады. Бірақ, құтқарушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс жасауды жалғастыруда. Басты назарда – балықшылар мен суыққа қарамастан суға шомылуды шекендер. Мерекелік және демалыс күндерінің қарсаңында бүгін өңірлік жедел құтқару жасағының мамандары техникаларын сайлап, тағы бір тексеріп шықты.

Сапқа тұру, қатардағы мамандардың дайындығы мен қондырғылардың жарамдылығын байқау. Құтқарушылар тексерісті аса мұқият жүргізіп әлек. Десе де, бәрі ойдағыдай. Бірақ, жауапты жұмыс күтпейді, кенет жедел құтқару жасағының көлігі Пестрое жағалауынан қалаға шұғыл шақыртуға асықты.

Су техникасының жағдайы да назарда. Тосын жайт туа қалса, катерлер мен қайықтар әзір ме? Ақаудың жоқтығын тексермекке маман су көлігімен көлді бір айналып шықты.

Құтқаруға техника сақадай сай. Бірақ, шомылу маусымы мәреге жақындағанда мұндай тексерістің не керегі бар? Өлкеде күн суытқалы нешінші күн. Синоптиктер де алдағы бірер күнде ауа райы оң қабақ тантыпайды дейді.

Станислав Дмитриенко – “Қазгидромет” РМК СҚОФ инженер-гидрологы:

– Алдағы демалыстарда өңір аумағында ауа температурасы күндіз +17, ал түнде 5-10 градусқа дейін төмендейді. Болжам бойынша, кей жерлерде түнгі уақытта сынап бағанасы небәрі +2-ні көрсетеді.

Дегенмен, балыққа шығатындар көп. Одан қалды мұндай суықта суға шомылуды шешкен экстремалдардың болмасына кім кепіл?! Сондықтан, құтқарушылар алдағы мерекелік және демалыс күндерде күшейтілген режимде жұмыс істейді. Күн төбесін көрсетіп, ауа температурасы жоғарыласа да мамандар судан алшақ жүруге кеңес береді.

Қуат Махметов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

– Суға түсуден бас тарту керек, себебі бүгінгі күнде судың қауіпсіз температурасы төмендеді. Жүрек ырғағының өзгеруі және рецепторлық жүрек тоқтауына әкеп соғуы мүмкін.

Жалпы, осы шомылу маусымында құтқарушылар судан ажал құша жаздаған жандардың басым бөлігін өлімнен арашалап қалған.

Қуат Махметов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

– Жыл басынан бастап облыс аумағында 40-тан астам адам құтқарылды. Оның тең жартысы жасөспірімдер және балалар.

Дегенмен, 9 теріскейлікті құтқару мүмкін болмады. 3 балықшы мен 6 демалушы суға батып, жазым болды.

Саят Ермек