Қоғам

Петропавлда “Заң керуені” акциясы өтті

Тұрғындар толғандырған сұрақтарын қоя алады. Конституция күні қарсаңында Петропавлда “Заң керуені” атты акция ұйымдастырылды. Облыс орталығында алғаш рет өткізілген шараға прокурорлар мен өзге де сала мамандары қатысты. Олар халық көп жүретін жерлерде мобилді топтар құрып, адамдармен кездесті.

“Заң керуені” акциясы теріскей жұртшылығына таныс деп айтуға болады. Өйткені, мұндай шара шілде айында Қызылжар ауданында өткізілді. Онда құқық қорғаушылар өзге де сала өкілдерімен бірлесіп, елді мекендерді аралады, тұрғындарды толғандырған сұрақтармен танысты. Нәтижесінде бірқатар сауал сол жерде шешімін тауыпты. Қалғандары прокурорлардың жіті бақылауында екен.

Шолпан Әбдірахманова – СҚО прокуратурасы аппаратының жетекшісі:

– Қызылжар ауданында ұйымдастырылған акция барысында 500-ге жуық іс-шара өткіздік. Онда мамандар 300-ге тарта адамды қабылдап, проблемалық мәселелермен танысты. Сауалдар түрлі салаға қатысты болды. Біразы кездесу барысында-ақ шешілді. Мәселен, тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту, фельдшерлік-акушерлік пунктің жұмысы бойынша түскен сұрақтар сол жерде біржақты етілді.

Енді, дәл осы “Заң керуені” акциясы Петропавлда өткізіліп отыр. Мұнда құқық қорғаушылар өзге де сала өкілдерімен бірлесіп, халық көп жүретін жерлерге келген. Мысалы, мына мобильді топ “Айсберг” сауда үйіне ат басын бұрды. Мамандар тұрғындарға көмек көрсетуге дайын.

Жанна Атымтаева – Шал ақын ауданы прокуратурасының прокуроры:

– Бүгінгі акциямыздың ең басты мақсаты – халыққа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету. Өзекті мәселелерді, бұрыннан шешілмей жатқан сұрақтарды тыңдап, көмек береміз.

Бастапқыда үстел басына жайғасқан мамандарға адамдар жүгінбеді. Бірақ, уақыт өте келушілердің қатары көбейді. Тамыз айының басында Нелли Волкевичтің отбасысы интернет алаяқтардың құрығына ілігіпті. Оның баласының есепшотынан бәз біреулер кетпектей 150 мың теңгені шешіп алған.

Нелли Волкевич – қала тұрғыны:

–  Саяжайымызды сатпақ болдық. Оны жарнамалау үшін интернетке шығарғанбыз. Бір әйел хабарласып, мүлікті аламын деді. Мен сіз нысанды көрген де жоқсыз ғой, қалай сатып аласыз дедім? Ол бұл маңызды емес, маған ақша аудару үшін карточкаңызды жіберіңіз деді. Алаяққа сеніп, ұлымның картасының нөмірлерін телефон арқылы айттық. Қу әйел осы арқылы баламның қаржысын ұрлап алыпты.

Бұл оқиғаны жапа шегуші полицейлерге жеткізеді. Бірақ, әлі ешқандай хабар жоқ екен. Мәселені прокурорлар бақылауға аламыз деді. Айта кетейік, акция аясында мобильді топтар “Айсберг”-тен бөлек, тағы 12 нысанда тұрғындарды қабылдады.

Байболат Бектемірұлы