Қоғам

Парақорлықтың алдын алу

75 млн 700 мың теңге. Бұл – облыс бюджетінен 7 айда жымқырылған сома. Бүгінде оның 95 пайызы қазынаға қайта қайтарылған. Алайда, өңірде парақорлық фактісі азаяр емес. Оған өткен аптада тіркелген 2 бірдей қылмыстық іс дәлел. Дегенмен, теріскейліктер сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу үшін бірталай іс атқарып, бірнеше жобаларды жүзеге асыруда.

Өткен жұманың өзінде парақорлық фактісі бойынша 2 бірдей ауданда қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың бірі – Тимирязев ауданына қарасты ауылдық округтің әкімі. Азамат “К” есімді адамнан әкімшілік нысанды бұзу үшін 100 мың теңге көлемінде ауызбастырық алған. Қазір бұл құқықбұзушылық толығымен әшкереленді. Экс-мемлекеттік қызметші заңсыздық жасағанын толықтай мойындап отыр.

Ернар Баянғазин – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Тағы, Шал ақын ветеринАрия бөлімінің жетекшісі де ұсталды. Ол “Н” есімді адамнан әкімшілік хаттама толтырмауы үшін 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған. Бұл азамат та өз ісін мойындады. Қазір екі қылмыстық жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осындай бармақ басты, көз қыстылықты болдырмау үшін облыс аумағында түрлі іс-шаралар атқарылуда. Солардың бірі – «Qyzyljar – adaldyq alany». Қазіргі күні аталған бастама аясында 12 жоба жұмыс істейді. Олардың барлығы жемқорлықты жоюға бағытталған. Мәселен, “Халықтық бақылау” порталы бойынша 141 өтініш түсіпті.

Екатерина Старостина – «Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі:

– Қазір біздің басты міндет – әр азаматтың өтінішін қабылдап, кеңес беру. Тағы, айтылған шағымы бойынша тиісті органдарға бағыттау болып табылады. Осындай істің арқасында парақорлықтың алдын аламыз деген ойдамын.

Осы орайда айта кеткен жөн, кей жағдайда “Халықтық бақылау” порталына келіп түскен шағымдар қаралмай жатады екен. Жиынға қатысқан қала әкімі Болат Жұмабеков бұл мәселенің алдын алу қажет деді. Сонымен қатар, шаһар басшысы жемқорлық фактілеріне кадр тапшылығының тікелей қатысы барын тілге тиек етті.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Мамандардың жетіспеушілігі салдарынан қылмыс жасалады. Мысалы, қазіргі күні сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы 1-ші орында тұр. Себебі, бүгінде бұл бөлімде жетекшісі жоқ.

Жалпы, 7 айдың ішінде сыбайлас жемқорлықтың салдарынан облыс бюджетіне 75,7 млн теңге көлемінде залал келіпті. Оның 72,2 миллионы, яғни 95 пайызы қазынаға қайтарылған екен.

Актолкын Солтанханкызы