Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысы өтті

Бүгін шаһарда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысы өтті. Жиында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мен партияның саяси даму бағыты талқыланды. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы мәселелер де сөз болды.

Отырыста күн тәртібіне сәйкес партияның сайлауалды бағдарламасы мен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бастамасы талқыланды. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов бірқатар басымдықтарға тоқталып өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тамыздың 21-і күні Елордада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымыен өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бас ұйымның жұмысын жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Мақсат-міндеттерді жергілікті жерде жүзеге асырып, партиялық актив арасында белсенді түрде насихаттау қажет. Сондай-ақ, халық арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

Өткен жылмен салыстырғанда өңірде жалақы 13 пайызға өсіп, қазір жалпы орташа көрсеткіш 121 мың теңгені құрап отыр. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 18 мың адам жұмыспен қамтылған. Жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы партияның облыстық филиалының Саяси кеңесінде өңір басшысының орынбасары Асқар Сақыпкереев мәлімдеді.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Биыл жолдарды жөндеуге 37 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 805 километр жол жөнделеді. Бөлінген қаражат сапалы жолдардың қатарын 65 пайызға дейін арттыруға және 133 елді мекенде 95 мың тұрғынның өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.

Өңірде өткен жылы мемлекеттік органдарда 62 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған. Өңір басшысы жемқорлықпен күресті күшейту керек екенін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сыбайлас жемқорлық фактілері жиі орын алатын сала – бұл мемлекеттік органдар мен оқу орындары. Сонымен қатар, партия Төрағасы атап өткендей, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық кеңінен тараған. Біздің алдымызда тұрған міндет – бармақ басты, көз қыстылықпен жаппай күресу. Ол үшін мемлекеттік органдар мен халық бірге жұмыс жасаулары қажет.

Жиын барысында өңір жетекшісі Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бойынша партияның облыстық филиалы активінің алдында нақты тапсырмаларды белгіледі.

Бердимурат Баймухан