Қоғам

Петропавлда фотосуреттер көрмесі өтті

Туындылардың өзіндік тарихы бар. Кеше облыстық бейнелеу өнері музейінде Руслан КуржецИдің фотосуреттер көрмесі өтті. Онда Ресей еліне саяхат барысында жерлесіміз кезіктерген адамдар мен орын алған қызықты оқиғалардан сыр шертетін сәттер бейнеленген.

Руслан Куржецидің жасы 25-те. Ол осыдан 2 жыл бұрын жолға 120 мың теңге ғана алып, Ресейге саяхатқа аттанады. Ақшасы 3 күннен кейін таусылып қалса да жүрісін тоқтатпай, 21 күнде 6 мың қашықтықты еңсеріпті. Шығармашыл жан жолда көргенінің бәрін суретке түсіріп отырған екен. Кейін, естеліктерін жұртқа паш етуді ойластырады. Русланның айтуынша, мұндағы туындылардың өзіндік тарихы бар.

Руслан Куржеци – суретші:

–  Саяхаттап жүрген кезде көптеген жақсы адамдарды кездестірдім. Олардың айтқан қызықты әнгімелерін ешқашан ұмытпаймын. Естелік ретінде суретке түсіріп отырдым. Кең даланың сұлу табиғатын да таспаға бастым.

Көрмеге Русланның туыстары, достары мен қала тұрғындары келді. Жиналғандардың барлығы суреттерге таңданыстарын білдірді. Ал кейбіреуі туындылардың тіпті өмірлік мағынасы бар екенін айтты.

–  Руслан түсірген суреттердің барлығы көңілімнен шықты. Оларға қарап отырып ерекше әсер алады екенсің.

–  Біз Русланмен 2 жылдан бері таныспыз. Маған оның түсірген суреттері ұнайды. Себебі, ол – өте ерекше жан.

Жиһанкез әрі суретші Русланның алға қойған жоспары көп. Ол болашақта Шығыс елдеріне саяхат құруды мақсат етіп қойыпты. Кейін сол жақта жүріп бірнеше сурет түсірген соң тағы бір көрме өткізбекші.

Маржан Касымбек