Тұлға

Мақтай Сағдиевтің 90 жылдық мерейтойы атап өтілді

Мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев көзі тірі болса биыл 90 жасқа толар еді. Кезінде еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаның өмір жолы мен қызметі туралы арнайы ұйымдастырылған конференция барысында айтылды.

Мақтай Сағдиев 1929 жылы Есіл ауданына қарасты Өндіріс ауылында дүниеге келген. 20 жасында Семей мұғалімдер институтына оқуға түседі. Білім ордасын тәмамдаған жерлесіміз туған өңіріне қайта оралып, қызмет жолын Шал ақын ауданында мұғалім болып бастайды. Кейін директорлыққа тағайындалады. Оқу ошағына басшылық ете жүріп, терең білімінің арқасында егін шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқан екен. Оның еңбегін кезінде Дінмұхамед Қонаевтің өзі жоғары бағалапты.

Тұрар Оразалин – Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– 1966 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан компартиясының 1-ші хатшысы Дінмұхамед Ахметов Қонаев өңірге келген. Ол жерлесіміздің қажырлы еңбегінің куәсі болған ол оның ары қарай көтерілуіне жағдай жасаған. Сол жылы Соколов аудандық партия комитетінде 1-ші хатшы болып тағайындалды.

Мақтай Сағдиев Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып жұмыс атқарып жүрген жылдары Желтоқсан көтерілісі орын алады. Кеңес үкіметі жазықсыз жандарды ұстап, жазаға тартады. Басы дауға іліккен жастардың біразының босап шығуына Мақтай Рамазанұлының көмегі тиген екен. Осылай деп қызы Ғалия Сағдиева еске алды.

Ғалия Сағдиева – Мақтай Сағдиевтің қызы: 

– Менің әкем көңілі кең әрі мейірімді жан болған еді. Оның арқасында жүздеген адам жазадан аман қалды. Сол жандардың өздері мен балалары әлі күнге дейін әкемнің жақсылығын ұмытпаған екен.

Мақтай Сағдиевтің құрметіне арналып облыстық тарихи-өлкетану музейінде де іс-шара ұйымдастырылды. Мұнда жерлесіміздің фотосуреттері мен өзі жазған туындылары қойылған. Ол мемлекеттік қызметтен бөлек, шығарма және өлең жазумен де айналысқан екен.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Мақтай Сағдиевтің елге сіңірген еңбегі жас ұрпаққа үлгі. Оның жұмысын жастарға насихаттау керек.

Тамыздың 25-і Мақтай Сағдиевтің дүниеден озғанына тұра 7 жыл өтіпті. Жерлесіміз көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толушы еді.

Маржан Касымбек