Спорт

Ардагерлер арасында бокстан турнир өтуде

Облыс орталығында бокстан «Ринг патшасы-2019» ашық облыстық турнирі өтіп жатыр. Дүбірлі доданың басқа сайыстардан ерекшелігі – мұнда жасы 35-тен асқан ардагер спортшылар бәсекелеседі. Турнир жүлдесін 30-дан астам спортшы сарапқа салып жатыр.

Теріскей төріне тігілген шаршы алаңда жұдырық түйістіруге ел аумағынан бөлек, Ресей елінің спортшылары да ат терлетіп келіпті. Бүгін – сайыстың екінші күні. Яғни, жартылай финал.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Биыл дәстүрлі «Ринг патшасы» турнирі 3-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл – тек Қызылжар өңірінде ғана қолға алынған бастама. Мұндай қызықты әрі тартысты сайыс еліміздің ешбір қаласында өтпейді. Додада 35 жастан асқан спортшылар өз өнерлерін ортаға салады. Сайыста ТМД елдерінен келген жандар да бақ сынай алады.

Күрзі жұдырық иелерінің арасында Азия ойындарының чемпиондары, Әлем кубогының жүлдегерлері мен әскери қызметшілер арасындағы жаһандық додада атой салған спортшылар мен жаттықтырушылар бар. Тіпті, Олимпиада ойындарының қатысушылары да осында жүр.

Адик Бермешов 63 жаста. Ол турнирде Атырау қаласының намысын қорғап жатыр. Азамат Пайғамбар жасына келсе де тың. Әлі күнге дейін артынан ерген жастарды боксқа баулып жүр. Өзі де анда-санда қолғап киіп, шаршы алаңға шығады. Бүгін осы қарым-қабілетінің, қайсарлықтың арқасында 43-тегі қарсыласын тізе бүктірді. Бұл – оның 40 жыл үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегі.

Адик Бермешов – бокстан КСРО спорт шебері, Атырау қаласы:

– Мен қазір Атыраудағы спорт мектебінде балаларды жаттықтыруды айналысамын. Мұндай жарысқа шықпағалы көп уақыт болды.

Жалпы, жарыста боксшылар 6 салмақ дәрежесі бойынша жұдырық түйістіруде. Жеңімпаздар 30-ы күні анықталады. Жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен марапатталмақ. Сонымен қатар, әрқайсысына «Ринг патшасы – 2019» белбеуі табысталады.

Бердимурат Баймухан